Сарыарқа батырлары: Библиогр.әдебиет.көрсет. - Қарағанды: Б.ж., 2006. - 33 б.

Кең байтақ қазақ жерінің бір бөлігі Сарыарқа. Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан, жерінде табиғаттың барлық ғажайыптары бар бұл жер ежелгі заманнан бері көшпелі мəдениеттің бір ошағы. Орталық Қазақстан – кең дала, көне тарих қана емес, сонымен қатар қара қылды қақ жарған, елін жаудан қорғаған, жұртына қалқан болған батырлардың отаны.

Бабаларымыздың өмірі, заманы, өскен ортасы жайлы тарихи деректер негізі қазақ елінің шежіресі, ел ішінде сақталған ауыз əдебиеті, аңыз-əңгіме жəне көзі ашық, көкірегі ояу ақсақалдардың айтулары бойынша жазылады. Оны зерттеп, зерделеу тарихшы, зерттеуші, ғалым-этнографтардың төл ісі деп білеміз. Ал, бүгін бізге жеткен ауызекі деректерге қарағанда олар көшпелі заманда халықтың басын біріктіріп елді, жерді сыртқы жау шапқыншылығынан қорғауды ұйымдастырушы жəне бастаушы, ақылшы, қолбасшы болған аса ірі тұлғалар екені анық. Олар тұтас бір өлкенің, ұлыстың, өз елінің елдігін, бірлігін, тұтастығын сақтау үшін бар өмірлерін күреспен өткізген, ел-жұртының сый-құрметіне бөленген аса қадірлі азамат, қайраткер қолбасшы, би, ұлысбегі болғандықтары ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі жетіп отырған.

Міне, осындай тұлғалы қазақ батырларының елін-жерін қорғағаны айрықша еленіп, ерекше ауызға алынып, ел ішінде аңыз болып айтылып келеді.

Назарларыңызға ұсынылып отырған басылым қазақ халқының сыртқы жауларға қарсы елдің басын біріктіріп, қалың қол жинап қаһармандық ерлік көрсетіп, аттары аңыз бен ұранға айналған қазақтың қас батырлары туралы. Батырлардың алдыңғы тобы – жоңғарлар қазақ жеріне басып кірген күннен бастапқы соғыстың ерлері болса, кейінгілері – жоңғарды қазақ жерінен қуып шығатын қанды шайқастардың қаһармандары жəне халқымыздың ұлт азаттығы жолындағы табандылықпен күрескен, сол жолда қаһармандықпен шаһид кешкен батырлар. Бұлардың бəрі де қазақ тарихынан ерекше орын алатын тұлғалар.

Бұл көрсеткіштің негізгі мақсаты көпшілік оқырмандарды ел қорғаны болған халқымыздың бір тума перзенттері жоңғар, қалмақ шапқыншыларының жойқын жорықтары мен Қытай алпауыттарының көз алартуынан «Ақтабан шұбырынды, алакөл сұламаға» ұшыраған қазақ ұлтын жер бетінен құрып кетуден аман алып шыққан баһадүр батырлар туралы таныстыру. Жастарды патриоттық тəрбиелеуде, елін, жерін сүйіп өсуіне, ұлтжанды болуына оң əсер, ғибрат болатындығы сөзсіз.

«Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы қалмақтармен ғасырдан артық 150 жылдай соғысты. Елінің тұтастығы мен жерінің бөлшектелмеуі жолында бар жанын пида еткен қазақ батырларының атақ-даңқы арада қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайды, ел зердесінде сақталып, жаңа қырынан жарқырап көріне бермек. «Осыншама ұлан-асыр жерді сойылменен қорғаған бабаларым осал емес шамасы»,- деп ақын айтқандай, ұрпақ бар жерде, қазақ ұлты бар жерде ел қорғаны батырлар ұмтылмақ емес.

Материалдарды жинақтауда Н.В.Гоголь атындағы кітапхананың кітап қоры, қазақ батырлары туралы шығармалар жинағы, жинақтар, жеке басылымдар, таңдамалы шығармалар, облыстық жəне аудандық газет пен журналдарда басылған мақалалар, өлкетану картотекасы жəне электрондық өлкетану катологы пайдаланылды.

Сонымен, алдарыңызға ұсынылып отырған «Сарыарқа батырлары» атты библиографиялық көрсеткіш тек қана оқушы, студент қауымға ғана емес, барша жұртқа, яғни жоғары оқу орындарының оқытушыларына, мұғалімдерге, өлкетанушыларға, кітапханашыларға жəне өз өлкеміздің тарихын білгісі келетін оқырмандарға арналған.

Батыр есімдерін келешек ұрпақтарға жеткізу бəріміздің қасиетті парызымыз. Өйткені, ел қорғаны болған батыр бабаларымыздың ерлігі де, даналығы да ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жалғаса береді.