Өлке экологиясы: Библиогр. әдебиеттер көрсеткіші / Қарағанды обл. ғылыми-әмбебап кітапханасы. Құраст.: С.О. Телпекбаева.-Қарағанды: б.ж., 2004. - 18 б.
Қарағанды облысы – Қазақстандағы экологиялық жағынан ең ластанған, өнеркəсіптік өндіріс орындары көп шоғырланған ірі өнеркəсіп орталығы. Бұл өңірдегі өндіргіш күштердің даму барысы көптеген жылдардан бері экологиялық зардаптар ескерілмей іске асырылды. Соның салдарынан облыстың атмосфералық ауасы бұзылды. Мəселен, тұрақты көздерден атмосфераға тарайтын ластанған заттар жылына бір миллион тоннадан асады. Ал бұл жалпы республикадағы барлық қалдықтардың үштен бірі деген сөз. Негізгі ластаушы көздер Теміртауда «Испат-Кармет» АТАҚ (жылына 361,5 мың тонна), Жезқазғанда «Қазақмыс» АҚ (жылына 138,4 мың тонна), Балқашта «Балқашмыс» АҚ (жылына 299,4 мың тонна, сол сияқты Қарағандыдағы энергетикалық кəсіпорындардың өзі жылына 96,2 мың тонна ластандыратын қоспа таратады.
Қала маңына орналасқан ГРЭС-1, N3 ЖЭО жəне Қаражал ЖЭО-ның күлі мен түтіні бұрқырап мазаны алуда, сол сияқты Ақжал байыту фабрикасының, Қайрақты, Жамбыл, Қарағайлы Ақшатау кеніштерінің қалдықтары да бұрқырап, желге ұшып жатыр. Бұларда қауіптілігі 1-3 класты қорғасын, мырыш, берилий, висмут жəне радионуклидті флотация қалдықтары көп. Тозаңданып аспанға ұшудың салдарынан мұндай заттар маңайын да шаңдатып жібереді. Бұған қоса атмосфералық ауаны автокөліктер де ластандырып, одан шығатын тастанды қалдықтар жылына 110 мың тонна көлемінде зиянды заттар таратса, оның ішінде 200-ге жуық əртүрлі қоспа бар екендігі анықталғаны баршаға мəлім.
Бүгінгі таңда су ресурстарын қорғап, ұтымды пайдалануда да проблема көп. Облыстың жалпы жылдық су ресурсы 3,4млрд. текше метрге жуықтайды. Оның жыл сайын 2-2,3 миллиард текше метрі пайдаланылады. Негізгі су көздері Нұра өзені, оның Шерубай-Нұра жəне Соқыр құймалары, Ертіс-Қарағанды каналы, Қаракеңгір жəне Жезді өзендері, Балқаш көлдері болып табылады. Облыс суларының сапалық жағынан жақсаруына кері əсерін тигізіп отырған кəсіпорындар «Испат-Кармет» ААҚ, «Карбид» АҚ, «Қазақмыс» АҚ, «Балқаш» АҚ, «Облсуканал» су-канал шаруашылығы басқармасы, «Қарағандырезинотехника» АҚ, энергетика, көмір өнеркəсібі мен ауыл шаруашылығы кəсіпорындары.
Облыстағы жер ресурстары да қиын жағдайда. 854 мың гектар жер азып-тозған, жел эрозиясына ұшыраған. Оның басты себебінің бірі- жерді қорғайтын орман алқабының қанағаттанғысыз жағдайы. Жер ресурстарын ғана емес, жалпы қоршаған ортаға зиянын тигізетін негізгі ластану көздерінің бірі – кəсіпорындардың өндірістік қызметі процесінде жəне тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінде пайда болған қалдықтар. Облыста тұрмыстық қатты қалдықтардың өте көп болуы да біраз проблемалар туғызуда. Сонымен қатар қоршаған орта мен адам денсаулығына ықпал ететін проблеманың бірі –қазылып, кен өндіріліп алынған соң қалып кеткен, жабылмай аузы ашық қалған радиациялық қауіпті кен орындары мен карьерлер мəселесі. Бұлар Шет ауданындағы Ақшатау елді мекені, Ақтоғай ауданындағы тастап кеткен геологиялық қазба орындары (Октябрь, Майтас, Қызыларай, Қызыл, Аномалия-8, Тасарал).
Республикамыздың басқа облыстары Қарағанды облысындағыдай техногенді ауыртпалықты бастан кешіріп отырған жоқ. Мұнда Сарышаған ракеталық полигоны, Семей ядролық полигоны жəне «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшатын ракета тасығыштардан бөлініп түсетін бөліктердің құлау ауданы- бəрі бар.
Облыста радиациялық қауіпсіздік мақсатымен кəсіпорындарда өңделген ионды сəуле көздері бар жерлерде қалдықтарды көму проблемасы басты орында.
Бұл көрсеткіш облыстағы экология жəне табиғат қорғау мəселесіне, экологиялық проблемаларды шешу жолдарына арналған. Онда Балқаш,Теміртау, Қарағандының экологиялық проблемалары туралы қамтылған. Көрсеткіш мазмұны бес бөлім бойынша құрылған, Жезқазған-Балқаш өңірінің экологиясы, Қарағанды облысының радиактивтік қалдықтарымен ластануы, облыстың су көздері, қалдықтарды өндіру проблемасы, өңірдің экологиялық орталықтары.
«Өлкетану» электрондық каталогқа өлке экологиясы туралы 500-ден астам жазулар енгізілген. Өлкетану бөлімі өлкенің табиғаты бойынша толық мəтінді құжаттарды құруға кірісті. Кітапхана оқырмандары «Қоршаған ортаны қорғау» атты тақырыптық папканы белсенді пайдаланады. Орталық Қазақстанның табиғаты туралы ақпараттарды əлемдік пайдаланушыларға қол жеткізу мақсатында «Сарыарқа-оn-line" web- сайты құрылған.
Көрсеткіштің басты мақсаты қалың оқырмандар мен оқушылардың өз өлкесінің əсем табиғатын, қоршаған айналасын қорғауға шақыру, облыс жұртшылығына экологиялық білім мен тəрбие беру жəне əдебиеттермен таныстыру.
Қарағанды облысының экологиялық жағдайы туралы танысу үшін сіздерге Н.В.Гоголь атындағы ОҒƏК өлкетану бөлімінің кітап қоры, өлкетану картотекасы жəне электрондық каталогтың негізінде жасалған осы көрсеткіштің материалдары көп көмек береді.
Көрсеткішті жоғары оқу орындарының оқытушылары, мұғалімдер, студенттер, оқушылар қосымша құрал ретінде пайдалана алады.