Ұлттық домбыра күні - 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретінде тойланып келеді.
Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы елдегі БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған болатын.
1500 жыл бұрын қолданыста болған делінетін көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап, кейін археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды.
Құрметті оқырман! Назарларыңызға Ұлттық аспаптың мәртебесін асқақтату және насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Домбыра дастан» атты кітап көрмесіне бейнешолу ұсынамыз!