"Жылап келіп, келмейді жылап кеткім!

Ол ғұмырды келеді бір-ақ тепкім.

Жамандықты жақсартып, жақсылықты,

Онан сайын келеді қуатты еткім"

 

2021 жылдың 9 ақпанында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды.

Аспантаудың ақиығы, поэзия патшасы Мұқағали Мақатаев туралы естеліктерге құлағымыз түрік жүретіні анық. Ақынның дара жолына, балалық шағына, өлеңді өміріне кез келген адам елең етіп, қызыға қарайды.

 Кітапханамыздың қабырғасында құрылған "Жыр-Жауһар" шығармашылық орталығы ақиық ақынға арналған "Мұқағали – мәңгілік ғұмыр" атты танымдық шара өткізді. Ақын тойын тойлауды "Жыр-жауһарлықтар"  дәстүрге айналдырған. Себебі аталмыш шығармашылық орталық 2006 жылы 8 ақпан күні "Жыр-Жауһар" поэзия клубы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 75 жыл толуына орай "Өлеңім көшіп барады болашаққа" атты поэзия кешімен ашқан болатын. Биылғы шараға Қазақстан Жазушылар Одағының ҚОФ директоры Серік Сағынтай, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, "Жыр-Жауһар" шығармашылық орталығының өкілі Алмаз Мырзахмет және №22 мектеп-интернатының ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Бұл кеште балалар М. Мақатаевтың өлеңдерін, өздерінің ақынға арнаған арнау өлеңдерін жатқа оқып, ақын өлеңдеріне жазылған әндерді нақышына келтіре орындады.

Аталмыш шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығынан құралған "Мұқағали – мәңгілік ғұмыр" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.  Көрмеде ақынның өз шығармашылығы мен ол туралы жазған қаламгерлердің туындылары топтастырылды. "Егемен Қазақстан" газеті, "Парасат", "Жұлдыз", "Ұлағат", "Үркер", "Аңыз адам", "Мұқағали", "Таңшолпан", "Қасым", "Ақиқат" т.б. журналдардағы материалдар ұсынылды.

Мұқағали Мақатаев Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен өнеріне зор үлес қосты. Ақын шығармашылығының басты тақырыбы: туған өлкесі, Отаны, қазақ халқының тарихы, Анаға, өмірге сүйіспеншілік, қоршаған әлемге құштарлық, мейірімділік, әйелге махаббат туралы. Ақын қысқа өмірінде, соңына жарқын поэтикалық із қалдырды. Ақын  1976 жылы қайтыс болды. 1981 жылы Мұқағали есімі көше атауына беріліп, ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. 1985 жылы Қазақстан Жазушылары Одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды.

"Бозарып атқан ақ таңда, бозарып тұрып ақпанда, есіңе мені алғайсың..." - деп жырлаған ақынын есті ұрпақ ешқашан есінен шығармақ емес!

Құрметті оқырман сіздерді ақиық ақынға арналған кітап көрмесімен танысуға шақырамыз!

Абонемент бөлімінің басшысы

Құдайберген А. Е.