Есімі өз дәуірімен бірге аталатын және өзі ғұмыр кешкен кезеңмен бір ұғым, бір құбылыс болып кететін тұлғалар болады ғой. Бізге сыйға тартылған осы кітап кейіпкері сондай Тұлғаға, Шырақбек Қабылбаев құрметіне арналған.
Заң ғылымдарының кандидаты, профессор, запастағы полиция генерал-майоры, Шет ауданының Құрметті азаматы Мирлан Ахмедияұлы Қызылов кітапхана қорына өзінің 2023 жылы «Алгорифм» баспасынан жарық көрген «Министр Қабылбаев» атты жаңа кітабын сыйға тартты.
Халқына қызмет етуді мансап емес, парыз деп ұғынып, өмірлік ұстанымына айналдырған Шырақбек Қабылов жайындағы бұл кітап - өткен ғасырдың сан қилы кезеңдерінен сүрінбей өтіп, өз саласының биігіне қырандай қалықтап көтеріле білгендігі, кеңес империясының сұрқия саясатының құрбандығы болып, жазықсыз жазаланғандығы, ақыр соңында кемел ақыл-парасатының, сабырлы да салқынқанды мінезінің арқасында сондай қиянатты көтере біліп, жеңіске жеткені жайында тың дерекке толы.
Мәңгілік өлмеудің жалғыз жолы халыққа қызмет ету екенін дәлелдеген қайраткер тұлғаның ғибратты ғұмыры ұрпаққа үлгі бола бермек.
Олай болса, құрметті оқырман қауым, жаңа кітаппен таныс болыңыздар! ОҚЫҢЫЗДАР!
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева