Жазушы деген қазақ халқы үшін тек көркем сөзден ой кестелеген шебер ғана емес, халқының мақтанышы, адалдық пен әділдіктің нышаны. Қазақ әдебиетінде өз орнын алған жазушы Қапан Сатыбалдиннің тұтас бір кезеңдегі әдеби даму үрдісінен көз жазбай, қол үзбей еңбектенген сезімтал, сергек, қажырлы қаламгер.
Өмірінің кейінгі кезеңінде Қ.Сатыбалдин драматургия саласына ойысып, ұзақ жылдар бойы театр сахналарына табыспен қойылған драмалық туындыларды жазады. Оның «Аягөз Ару», «Махаббат машақаты», «Қынаптан суырылған қылыш», «Қабаған ит», т.б. драмалық туындылары көрермен тарапынан оң бағаға ие болған.
Бүгін кітапханамызда артына рухани мұра етіп қалдырған Қапан шығармаларын, әке алдындағы перзенттік борышым деген ниетпен Мәскеу қаласында тұратын үлкен қызы Наркес Қапанқызы Сатыбалдинаның құрастыруымен Мәскеу қаласы «Высшее образование и Наука» баспасынан жарық көрген «Аягөз ару» = «Красавица Аягоз» кітабының таныстырылымы өтті.
Бұл кітаптан оқырмандар автордың төрт актілі, бес көріністі аңызға құрылған «Аягөз ару» пьесасы және алғашқы рет қазақ тілінен орыс тіліне аударылған «Красавица Аягоз» пьесасын оқи алады. Шығарма кейіпкерлері: Тәуекел – жас, ержүрек жігіт; Аягөз – әдемі қыз; Далабай – оның әкесі, кедей шал; Тетелес – Аягөздің бауыры, жас бала; Далбаса – хан; Сұмпайы – оның уәзірі; Шатшалекей – қарақшы хан; Зобалаң – Шатшалекейдің уәзірі; Топатай – Шатшалекейдің кенже тоқалы; Ұзынтұра – жасауыл; Асу – Тетелеспен бірге атқа шапқан бала; халық; Далбаса ханның жасауылдары; Шатшалекейдің қарақшылары. Пьеса орман ішінен отын теріп жүрген Далабай шал мен оның бүлдірген терген кішкене баласы Тетелестің сөйлескен сөзімен басталады.
Сонымен бірге, кітаптан осы шығарма жайында кезінде әріптестері жазған мақалаларымен бірге естеліктер топтастырылған. Кітап жас оқырманды қанаттандыратын ерлік дәстүрге де, ересектерге дүние жаратылыстың қайсыбір күрделі иірімдері, өмірдің таңдау сәті, адам мінезінің қалтарыс, құбылыстары туралы толғаныстарға да тартып жатқан шынайылығымен елеулі.
Аталмыш шараға Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы, еңбек ардагері, ақын Ерғазы Сәдуақасұлы Жазықбаев, белгілі қаламгер, журналист Сүйіндік Жанысбай, жазушының туған-туысқандары Нөсербай Асылбеков, Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылының №8 тірек мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлдария Алтайқызы Сағындықова қатысты.
Кеш тізгінін белгілі ақын, Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының қызметкері Қайрат Асқар ұстады.
Сөз алушылар Қ.Сатыбалдиннің ана тіліміз бен ұлттық рухымызды оятатын игілікті істері жайлы тереңнен толғап, әсерлі әңгімелер айтты.
Кеш барысында Қапан ақынның шығармашылығынан Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің 3 курс студенттері Жансая Жанатова, Толқын Амантаева, Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылының № 8 тірек мектебінің 8 сынып оқушысы Сағынтай Өсиеттің тебіреніспен оқыған өлеңдері оқырман қауымның көңілінен шықты. Сонымен бірге келген қонақтар назарына «Тасиды жырым бұлақтай...» кітап көрмесі ұсынылды.
Құрметті оқырман жаңа кітаппен таныс болыңыздар! Келіңіздер, оқыңыздар!
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева