Жазушы Әмен Әзиевтің туғанына 95 жыл.

Журналист, жазушы, Әмен Әзиев – ұлан байтақ Қазақстанның түсті металлургия байлығы, оның игерілу тарихы, Қоңырат пен Балқаш құрылысы жайын көптен зерттеп келе жатқан қаламгеріміздің бірі.  Ғалым Әмен Махатұлы Әзиев 1927 жылы 6 маусымда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы бұрынғы «Оян» деген ауылда дүниеге келген. Оның балалық шағы, өскен ортасы Жамбыл, Қарқаралы ауылдарында өткен. Қарағандыда, Қарқаралыда, Ақтоғайда оқыған. 1950 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін, ол қазіргі «Жас Алаш» газетінде, Ұлттық ғылым академиясының тіл және әдебиет институтында қызмет істеген.

1952 жылы Қарағандыға ауысып, еңбек жолын облыстық «Советтік Қарағанды» газетінде бастайды. Өндірістік өлке туралы мақалалар, очерктер, монографиялар жазған.

1961 жылдан Қарағанды телевизия студиясының директоры болып қызмет атқарып, журналистік, қаламгерлік өнерін шыңдайды.

Журналист еңбегінің күрделі қиыншылығына қарамастан осы жылдары көркем шығармалар жазып, қазақ повесі туралы филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертация қорғайды әрі профессор ғылыми атағын алады.

Осыған орай, өлкетану әдебиеті бөлімінде «Сарыарқаның шежірешіл қаламгері» атты кітап көрмесі қойылды.

Бұл көрмеден жазушы өмірі мен оның қаламынан туған шығармаларымен және адамдардың ерен еңбегі жайлы, металлургия өндірісінен қызықты оқиғалар мен деректерге толы кітаптарымен таныса аласыздар.

Әмен Әзиев – ұлан байтақ Қазақстанның түсті металлургия байлығы, оның игерілу тарихы, Қоңырат пен Балқаш құрылысы жайын  зерттеген қаламгеріміздің бірі.

Әмен Әзиевтің «Жез таулар» (Алматы, 1977 ж.) шығармасында Совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ шаруаларының өндіріске араласуы, Сарыарқа даласынан кен іздеген қаза, орыс ғалымдарының ауыр да, абыройлы еңбегі сөз болады. Сондай – ақ Орталық Қазақстандағы коллективтендіру дәуірі біршама жақсы көрініс тапқан.

Романның басты кейіпкерлері Таңатар, Қоңырат кенін алғашқы ашқандардың қатарында болып, сол маңызды іске өз үлесін қосады. Шығарма соңында кешегі жалшының енді Советтік өндірістің екпінді жұмысшысы дәрежесіне көтерілгенін көреміз.

Романда арқа табиғатының сұлу көріністері, аңшы, құсбегілік өнер жайлы қызықты әңгімелер де мол қамтылған.

Жазушының осыдан он жыл бұрын жарық көрген «Жез таулар» кітабы, сол ізгі ізденістің алғашқы жемісі еді. «Мыс ошағы» (Алматы, 1988 ж.) сол шағын романның қайта өңделіп, толықтырылған нұсқасы.

Романда Совет өкіметінің алғашқы кезеңдегі қыр елінің тұрмыс-тіршілігі, тап тартысы, жаңа өмір тынысы, мал бағуды кәсіп еткен қазақ шаруаларының өндіріске, кен барлау ісіне араласуы, олардың туысқан орыс жұмысшыларымен достық қарым - қатынастары жан-жақты бейнеленген.

Жазушы Әмен Әзиевтің «Қазыналы Сарыарқа» (Алматы, 1978 ж.) кітабы республика өнеркәсібінің қара шаңырағының бірі Балқаш мыс комбинаты тарихына арналған. Автордың көп жылдар бойына зерттеп, қызықты да бай материалға сүйене отырып, түсті металлургия алыбының пайда болуын, даму жолын тартымды етіп көрсете білгенін көреміз. Кітап көпшілік қауымға арналған.

Автордың «Жер жарасы» атты тарихи романы 1986 жылы жарық көрген «Мыс ошағы» романының заңды жалғасы болып табылады. Бұл аталған туындыларда қазақ халқының отызыншы жылдардағы шеккен азаптары, ауыр индустрияның табиғатқа тигізген кеселді зардаптары мен қазақ даласының қалай тоналғаны нақты шындықпен баяндалады.

Шығарма тілі аса шұрайлы, ол елеулі шабытпен жазылған, күрделі оқиғаларға, сезімге, суретке құрылған. Ондаған тарихи кейіпкерлердің ішінде Таңатар, Смайыл, Танабай тәрізді қазақ жұмыскерлерінің, Шашубай, Күләш, Манарбек, Қанабек сынды тамаша өнер иелерінің, Абдолла Асылбеков, Есенәлі Мәдалиев, Жаналы Бархиев, Дінмұхамед Қонаев, Мәдина Бегалиева, Қайсар Таштитов сияқты көрнекті ұлт қайраткерлерінің, сондай-ақ 1938 жылы күзде Сәкенмен, Ілияспен, Бейімбетпен бірге атылып кеткен құрылыс бастығы Василий Ивановтың, 1943 жылы лагерьде өлген Тит Назаренконың, 1991 жылға дейін өмір сүрген Иван Волковтың және басқа орыс ардагерлерінің әдеби тұлғалары жайында оқып таныса аласыздар.

 Жалпы көрмеде ұсынылған әдебиеттер көпшілік оқырман қауымға арналған.  

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы:Б.Е.Алпысбаева