Биыл аты аңызға айналған ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтыңтуғанына 100 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай, кітапхананың оқу залында «Ерлік елге мұра – ұрпаққа ұран»атты көрме-викторина өткізілді.

Шараның мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, елжандылыққа, батылдыққа, шыншылдыққа баулу, адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыру.

Аталмыш шараға батырдың есімін иеленіп отырған белді мекеме «Жас ұлан»республикалық әскери мектеп-интернатының тәрбиеленушілері арнайы шақырылды.

Шара барысында жастарға біртуар тұлға Талғат Жақыпбекұлының қиын тағдыры жайлы көңіл толқытарлық мәліметтер айтылып, бейнероликтер ұсынылды.

Батырдың есімін иеленіп отырған жастардың білімдерін кеңейту мақсатымен көрмеге байланысты арнайы викториналық сұрақтар дайындалған болатын. Кезекті сұрақтарға бергенде жас тәлімгерлер батыр жайлы өздерінің білім көкжиектері кең екенін көрсеткендері қуантты. Алайда, «Аты аңызға айналған ұшқыш өмірінің соңғы 40 жылын неге арнаған, немен айналысқан» немесе «Өз өмірін қатерге тіккен Талғат Бигельдиновтың қай ерлігі әуедегі фотосуретке түсіріліп алынған?» деген сұрақтарға сарбаздар тосылып қалды.

Осы тұста білмеген сұрақтардың жауабын жас сарбаздарға кітаптар мен мерзімді басылым беттерінен таба алатындықтарын жеткізіп, көрмедегі әдебиеттер легімен таныстырдық. Атап айтқанда, А.Сергеевтің «Звездное небо Талгата» (Алматы, 1997), «Богатырь крылатой гвардии» (Алма-ата, 1984), сондай-ақ, Д.Қожамұраттың құрастырумен «Алғадай – батыр қолбасшы, батыр генерал» (Алматы, 2010) т.б. кітаптарын, сонымен қатар, «Егемен Қазақстан» газетіндегі белгілі тарихшы Болатбек Нәсеновтың «Ерлігі ескірмейтін батыр» (2022, 17 шілде) және «Ақиқат» ұлттық қоғамдық саяси журналындағы «Қазақ батыры» (2010, 9 мамыр) мақалаларын оқуға кеңес бердік.

Осы шараның ерекшелігі – батыр бабамызға арналған «Қазақтың қайсар қыраны» атты әдеби челлендждің бастау алуы. «Жас ұлан» әскери мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Нұрғали Асланбек, Уразов Дарын және Еслямғалиев Әлихан осы әдеби челлендж шымылдығын ашып, шараға бастама берді. Жас сарбаздар Талғат Бигельдиновқа арналған қазақ және орыс тілдеріндегі өлеңдер мен арнайы дайындап келген прозалық шығармаларын оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Жиылған қауымды Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық батырларды еске алуға арналған әдеби челлендж 9 мамырға дейін жалғасатыны туралы хабардар еттік.

Достар, баршаңызды аталған әдеби челленджге қатысуға шақырамыз! Батыр бабамыз Талғат Бигельдиновқа арналған прозалық, поэзиялық, музыкалық бейнероликтеріңізді өзіңіздің Instagram парақшаларыңызға #karlib, #bigeldinov_karlib, 100_krg хештегтерін көрсете отыра жарияласаңыз болғаны! Қатысыңыздар! Аты аңызға айналған аспан ақиығын бірге дәріптейік!

 

Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д.