Жыл сайын 6 шілдеде бүкіл ел Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік мерекелерінің бірі - Астана күнін атап өтеді.
Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атап өтілетін мереке ерекше мәнге ие болды.
Мереке қарсаңында оқу залында «Нұр-Сұлтан - болашақтың қаласы=Нур-Султан – город будущего» кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Біздің елордамыз, еліміздің әкімшілік орталығы ғана емес– бұл Қазақстанның мақтанышы, тәуелсіз мемлекеттің қарқынды дамуы мен тұрақтылығының символы. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жасампаз идеясының нәтижесі.
Нұр-Сұлтан – Қазақстанның жаңғыруының символы, ұлттық идеяның темірқазығы, ұлттың рухани, әлеуметтік түлеуінің қозғаушы күші. Бүгінгі Нұр – Сұлтан – адам баласының өршіл рухының, еркінің, еңбекқорлығының белгісі.
Жаңа елорда құру қашанда тұтас ұлт рухын жаңартуға жол ашатын түбегейлі қадам деп танылды. Мұндай қадамды іске асыру тарихта кемел ұлт құруға талпынған талай ұрпақ үшін арман болғаны белгілі. Қазіргі кезде жаңа астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр.
Бүгінгі ұлт мақтанышы, елордамыз Нұр-Сұлтан – төл тарихымыздың жаңа беттерінің бастауы, айтулы жетістігіміз. Ұлтымыздың түбегейлі жаңаруының белгісі. Тәуелсіз қазақ мемлекеттілігінің темірқазығы.
Біздің мемлекетіміздің астанасының құрылу тарихы, оның құрылысы қалай басталғаны және одан әрі қалыптасуы туралы кітап көрмесіндегі ұсынылған әдебиеттерден біле аласыз:
Кітап көрмесіндегі «Астана» энциклопедиясы (Алматы, 2008ж.) ғасырлар тоғысындағы қазақ даласында осы бір алып құрылыстың бой көтеруі біздің халқымыздың қажымас қайрат-жігерінің жемісі екендігін көсетеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел. Ғасырға бергісіз жылдар» атты кітабы (Астана, 2014ж.) Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен Ұлы өзгерістер жолын жан-жақты қамтыса, әрбір бөлімінде мемлекет пен қоғамның экономикалық, әлеуметтік саланың, ішкі және сыртқы саясаттың табысты дамуы туралы сөз қозғалады. Аталған автордың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі (Алматы, 2017ж.) публицистика жанрында жазылған. Кітапта қазақстандық даму үлгісінің табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштер сараланған. Ол еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 4 томдық еңбегі «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» (Нұр-Сұлтан, 2020ж.) деп аталады. Кітапта 2019 жылғы наурыз – 2020 жылғы наурыз аралығында сөйлеген сөздері, сұхбаттары мен мақалалары жинақталған.
Жазушы, публицист А.Смайылдың «Тарих таңдаған Астана» (Астана, 2017ж.) кітабы Ақмола-Қараөткел өңірінің тарихын ұзақ зерттеудің нәтижесінде жазылған тарихи деректемелік-туынды. Арқа төсінің Ажары мен айбары - Астана қаласының 20 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы «Астана – Еуразия кеңістігіндегі жаңа Елорда» (Астана, 2018ж.) деп аталады. Жинақта ХХ ғасырдың аяғындағы қолымыз жеткен Тәуелсіздікпен қатар қалыптасқан жаңа Елорданың дамуы мен халықаралық аренаға шығу жетістіктері сөз болады. «Ел жүрегі - Астана» (Астана, 2018ж.) - бұл кітапта Астанамызға арналған 2017 – 2018 жылдары мерзімді басылымдарда жарық көрген материалдар топтастырылған.
Әлемде әсем ғимараттары мен жаңа үйлері бар көптеген қалалар жетерлік болғанына қарамастан, мен Астананың әрбір ғимаратын өз жаныммен, жүрегіммен сезінемін», - деген Елбасының жүрекжарды сөзімен басталған фотокітап «Астана» (Алматы,2018ж.) деп аталады. Отанымыздың жүрегі Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасу тарихы, ғимараттар, ескерткіштер, монументтер мен мұражайлар, басқа да мәдени орындары жайлы толық мағлұмат алуға болады.. «Астана жыр құшағында, ән қанатында» (Астана,2018ж.) туындысы Нұр-Сұлтан әлеміне ашылған кең терезе іспетті. Әсем астанамыз ақын, композиторлар шығармашылығына тың тақырып, жаңа серпін әкелді. Олардың ойлы өлең, отты жырларына елордамыздың келбет-нұры арқау болды.
Әсем елордамыздың тыныс – тіршілігі мерзімді басылымдар назарынан тыс қалмайды. Астан күні қарсаңында баспа беттеріндегі мақалаларда елорданың даму тарихы сөз болады. «Айқын» газетінің 2020 жылғы 4 шілдеде жарық көрген Г. Бектастың «Елордамыздағы елдіктің белгісі» мақаласында Астана мәртебесін алған уақыттан бергі қаланың ономастикалық ажарының гүлденіп, Астана төріне ұлт қайраткерлерінің есімдерінің берілуі, қаладағы тарихи атаулар ерекшелігі жайлы сөз болады. Газеттің осы санындағы Е. Нұрекештің «Астана маңы ен тоғай» мақаласы елордамен бірге қалыптасып келе жатқан жасыл белдеу қаланың ауасын тазартып, ажарын ашып тұрғандығы жайлы жазылған.
Көрмеде ұсынылған әдебиеттер көпшілік оқырманға арналған. Кітап көрмесінің материалдарымен танысқысы келетін оқырмандарды кітапханаға шақырамыз!
Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Айтбаева К.Т.