Жаз уақыты басталды. Демалыс, теңіз, саяхат, саяжай. Көп адам жазғы уақытын әрине, алдын-ала жоспарлап, керемет өткізуге тырысады. Осы орайда, біздің кітапхана осы демалыстың барлық түрін кітап арқылы ұсына алады. Сондықтан жылдағы дәстүрмен бүгін қаламыздың тұрғындарына «Жазғы оқу қаласы» жобасын ресми ашып, өз оқырмандарымызды қуанттық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмыс жасайтын бұл жоба былтырғы жылы әлемдік індетке байланысты қызмет көрсете алмаған еді. Осы уақыт аралығында көптеген оқырмандарымыз бен кітапхананың достары аталмыш жобаны сағына күтіп, кітаптарын сыйлап, қажеттілігімізді сездіргені көңіл қуантады.
2021 жыл – Тәуелсіздігіміздің 30-жылдық мерейтойы жылы әрі Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып табылады. Осы ерекше даталарға арнап «Жазғы оқу қаласы» жобасы аясында балалардың жазғы демалыс кезінде бос уақыттарын тиімді, қызықты әрі танымды өткізуіне арналған «Кітапханадағы жаз» бағдарламасы да өз жұмысын бастады.
Аталмыш жобалардың ресми ашылуына ерекше шаралар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күйде кітапхана қызметкерлері өз алаңдарын таныстырды.
Кітап оқуға деген қоғамның қызығушылығын арттыру, жастар мен ересектер қауымын кітап оқуға ынталандыру және балалардың жаз мезгіліндегі бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен бұл шаралар көптеген достарымыздың басын қосты.
Көптеген жылдар бойы кітапхананың тұрақты оқырманы болып жүрген Юлия Муратова жүрек жарды лебізін білдірсе, өнерлі оқырманымыз Сиазбек Ершіманұлы сазсырнайда ойнап, Қасым Аманжолов ауылының музыка мектебінің түлегі Зейнел Зере Нұрғиса Тлендиевтің «Ата толғауы» күйін нақышына келтіре ойнап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ал жазғы алаңдарда ересектер мен балалар ұлттық асық ойынын ойнап, әдеби викториналық сұрақтарға жауап беріп сыйлықтарға қол жеткізе алды. Ағылшын тілін ойын арқылы үйрену, энциклопедиялар арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне саяхаттау, модельді ойыншықтар құрастырумен қатар, тегін кітап алып қайту – қатысушыларға ерекше әсер етті.
Сонымен, жаз бойына қаламыздың кез-келген тұрғыны аптасына екі рет: сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін «Жазғы оқу қаласының» оқырманы бола алу әрі кітапхана қорына өз кітабын сыйлау мүмкіндігіне ие бола алды. Ал кішкентай достарымыз бізбен бірге «Кітапханадағы жаз» бағдарламасына дүйсенбі,сәрсенбі күндері сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін қатысып, аймағымыздың киелі жерлеріне саяхаттау, ертегілер оқу, актерлік шеберлікке дағдылану, түрлі ойындар ойнау арқылы шығармашылықтарын дамытып, жазды қызықты өткізе алады.
Келіңіздер! Кітаппен, кітапханамен жаз қызықты!