Ұлы Дала төсіндегі ұлан ғайыр атырапты алып жатқан қазақ сахарасы ежелден бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тұтастықтың мызғымас мықты ошағы ретінде киелі. Әртүрлі халықтың бір шаңырақ астында жиналуы - олардың бір – біріне деген ілтипаты мен ізгілігін оятты. Бір – бірін бауырына тарту арқылы олар ортақ мүддеге жұмылды, елдіктің еңселі туын көтерді. Қазақтың құтты қонысында татулық бесігін тербеткен әр түрлі ұлт өкілдерінің ауызбірлігіне тарих куә.
Бірінші мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні болып есептеледі. Әрі бұл күн, Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Осыған орай, бірлік пен ынтымақ мерекесі қарсаңында кітапхана төрінде "Қазақстан – бірлік пен татулық мекені= Казахстан – страна единства и мира" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрме Ассамблеяның қалыптасуы мен дамуы, Қазақстанда тұратын халықтардың этникалығын сақтау жөнінде және этномәдени орталықтар қызметі туралы әңгімелейді.
Көрмедегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың "Мәңгілік ел. Ғасырға бергісіз жылдар" (Астана, 2014 ж.) атты кітабы Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен Ұлы өзгерістер жолын жан – жақты қамтыған.
Көрмеде түрлі-түсті фотоальбомдар ұсынылған. Үш тілде жарық көрген "Қазақстан: бірлік және келісім мекені = Казахстан: страна мира и согласия = Kazahstan: a country of peace and harmony" (Алматы, 2020 ж.) атты фотоальбом көпшілік назарына ұсынылды. Жинақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған. Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы анықтамалық "Менің Қазақстаным" деп аталады.
"Қазақстан – қара шаңырағым" (Алматы, 2015 ж.)кітабы бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті біздің болмысымыздың кепілі екендігі жайлы баяндайтын туынды.
"Қазақстан халқы" энциклопедиясы (Алматы, 2016 ж.) біртұтас Қазақстан халқының әдет-ғұрпы, дәстүрі, мәдени және рухани құндылықтарының барша кеңдігін, алуан түрлілігін көрсететін, қоғамдағы халық бірлігі мен келісіміне берік негіз қалаған көптеген бастамалардың ұйымдастырушысы болған, Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін бейнелейтін материалдар жинақталған және жүйеленген тұңғыш басылым болып табылады.
Энциклопедия оқырмандардың кең ауқымына арналған, олар Қазақстанның көпэтносты халқы, этномәдени бірлестіктер туралы, сондай-ақ еліміздің көрнекті және қоғам қайраткерлері туралы қызықты деректер мен мәліметтерді таба алады. Кітап ғалымдар мен студенттерге, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне, Қазақстан Республикасындағы этносаясат және этносаралық қатынастарды дамыту мәселелеріне қызығушылық танытқандарға арналған.
Көрме мазмұнын толықтырып тұрған "Достық=Дружба", "Мысль", "Мирас", "Орталық Қазақстан" мерзімді басылымдарындағы мақалаларда ел бірлігі мен бейбітшіліктің бағасы жайлы ой толғайды.
2020 жылғы "Орталық Қазақстан" газетінің 30 сәуір күнгі санында жарық көрген Г. Рымбекованың "Келісім мен жасампаздық жолындағы ширек ғасыр" атты мақаласы саяси тұрақтылық пен бейбітшілік, ынтымақтың кепіліне айналған еліміздің ішкі жағдайы туралы әңгімелейді. Ал, Ж. Әлиманның "Адамзаттың басты конституциясы" немесе бейбітшіліктің бағасы атты мақаласында - басты шарттың бірі - бейбітшілік болуы керек дегенді түйеді. Себебі ұлы әлеуметтанушы Ле Пле бейбітшілікті адамзаттың басты Конституциясы деп есептегенін әңгіме өзегі етеді журналист.
Халқымызда "Жеңіс түбі – ерлік, береке түбі – бірлік" деген қанатты сөз бар. Қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы тыныштық пен бейбітшіліктің қарашаңырағына айналды.
Құрметті оқырмандар, сіздерді Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен құттықтаймыз! Әрқашанда бірлігіміз берік, достығымыз нығая берсін!
Сіздерді кітап көрмесін тамашалауға шақырамыз!