28 маусым 1924 – қыркүйек 2010 - Қарағанды қаласының құрметті азаматы Тиышбек Ахановтың туғанына 100 жыл

Жастайынан еңбекке араласқан Тиышбек Аханұлының еңбек жолы, өмірі Қарағанды қаласының өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты.

Тиышбек Аханұлы 1924 жылы 28 маусымда Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында туған. 1941 жылы N1 ФЗО-ны тамамдағаннан кейін «Кировкөмір» тресінің N31 шахтасында электровоз машинисі болып жұмысқа түседі. 1942 жылдың басында өз еркімен комсомолдың шақыруымен майданға аттанады. Мәскеу түбінде 316-дивизия құрамында әскери шұғыл дайындықтан өтіп, Клин, Ржевтегі ауыр ұрыстарға қатысады. 1944 жылы ауыр жарақаттанып, госпитальде емделіп, елге оралады.

Қарағанды мұғалімдер институтын бітіріп, N2 мектепте сабақ береді. 1947 жылы Қарағанды облыстық комсомол комитетіне хатшы, 1948 жылы Қарағанды қалалық партия комитетінде кадр бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Қарағанды қаласындағы Киров және Ленин аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы аудандық атқару комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық атқару комитетінің еңбек және баға бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қарағанды қаласының құрметті азаматы Тиышбек Аханұлы 1987 жылдан республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.

Калинин, Ржев, Торожец, Холм және тағы басқа қалаларды бақайшағына дейін қаруланған неміс басқыншыларынан азат ету жолындағы ұрыстарға қатысады. Т. Аханов Ржевті жау қолынан азат ету жолында от пен оқтың арасында жүріп берілген бұйрықты мүлтіксіз орындады. Торожец қаласын алуда жүрегін жанай өткен оқтан ауыр жарақаттанып, госпитальге түседі. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Толығырақ...

Биыл КСРО халық артисі, композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл

Сыдық Мұхамеджанов – талантты композиторлардың бірі, оның тамаша әуендері әр қырлы шығармашылығы, аға буын композиторлар мектебінің негізін қалаушылар мен 60-шы жылдары шыққан композиторлардың арасындағы байланыс дәнекері болып табылады.

Сыдық Мұхамеджанов 1924 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданының Үлкен бұлақ деген жерінде дүниеге келді. Оның балалық шағы дарынды адамдардың ортасында өтті, туған өлкесінен шыққан атақты Тәттімбеттің, Ақанның, Естайдың әндері мен күйлерінің әсем үндері балаға үлкен әсер қалдырды. Оның музыкаға деген әуестігі өзінің анасынан дарыған. Оның анасы өз заманының атақты әншісі болған. С. Мұхамеджановтың музыкаға және кәсіби білімге деген жолы оңай болған жоқ. 1947 жылға дейін киноактерлар мектебін бітіріп, музыка училищесінің тарихи-теориялық бөліміне оқуға түсті. Денсаулығына байланысты училищедегі оқуын тоқтатып, мектептерде, музыкалық үйірмелерде жұмыс істейді. Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) композиторлық бөлімін бітірген. Профессор Е.Брусиловскийдің класында оқиды.

Әйгілі сазгер ерен еңбегі үшін 1967 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1974 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1990 жылы КСРО халық әртісі атағын алды. «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

Толығырақ...

Биыл Даңқ орденінің толық иегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Камали Жұматайұлы Дүйсембековтың туғанына 100 жыл

Дүйсембеков Қамали 1924 жылы Бұқар жырау ауданындағы Ақбастау аулының жанындағы Өртен-Жал, Жанбас-бұлақ ауылы дүниеге келген. 

1939-1942 жылдары Қарағанды қаласының №1 кірпіш зауытында жұмыс істейді.

1942 жылы Мәскеу түбіндегі ұрысқа қатысады. 1944 жылы Севастополь жанындағы Сапун тауында ауыр жараланып, госпитальға түседі. Жазылған соң, ол елге оралады..

1944-1946 жылдары Ворошиловск аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы.

1946 жылдан бастап «Карагандажилстрой» кірпіш зауыты директорының орынбасары болды. Сол жылы Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы насихатшылар мектебін аяқтады.

1946-1950 жылдары Жезқазған аудандық партия комитетінің штаттық насихаттаушысы, 1950-1951 жылдары Қарағанды облысы Ворошиловск аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болды.

Толығырақ...

Биыл Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Қали Әлібекұлы Аманбаевтың туғанына 100 жыл

1924 жылы 21 желтоқсанда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Жаңа Негіз (казіргі М.Мамыраев) бөлімшесінде туды. Ұлы Отан соғысында 240 авиациялық атқыштар полкінің құрамында болып, Курск доғасы ауданында болған әскери операцияларға қатысқан.

Еңбек жолын милиция бөлімшесінде паспортист қызметінен бастап, Қарағанды облыстық оқу бөлімінің жанындағы 10 айлық мұғалімдер курсын аяқтаған, 1952 жылы Ленинградтағы мұғалімдер институтын үздік бітірген, 1956 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, 1965 жылы КПСС ОК аспирантурасын жанындағы Жоғары партия мектебін, 1972 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін аяқтаған.

1953 жылдан 1958 жылдар аралығында Қарағанды қалалық партия комитетінде нұсқаушы, ұйымдастыру жүмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, мектеп және жоғары оқу орындары бөлімінің меңгерушісі болды.

1958 жылы Қарағанды телевидения студиясын басқарды, 1965 жылдан 1967 жылдар аралығында Облыстық партия комитетінде қызмет етті.

1967 жылдан 1974 жылдары Облыстық телевидение мен радиохабарландыру жөніндегі комитетті басқарды. 1974 жылдан бастап Облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. 1978 жылы желтоқсанда Облыстық партия комитетіне хатшы болып сайланды, онда 1987 жылдың қаңтарына дейінгі мерзімге, зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етті.

Толығырақ...

Биыл 10 қаңтар журналист, ҚР Мәдениет саласының үздігі Оралбек Жүнісұлының туғанына 70 жыл толды

 

Халықтың рухани мәдениетін көтеруге қалам қайратымен ат салысып жүргенОралбек Жүнісұлы - ҚР Журналистер одағының мүшесі (1992), ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері. 2016 жылы Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және жас ұрпақ тәрбиелеудегі ұстаздар еңбегін көрсеткені үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.

Қаламгер О. Жүнісұлы 1954 жылы 10 қаңтарда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы Ақсораң шыңының етегіндегі Шабанбай би ауылында дүниеге келген.

Журналистік еңбек жолын 1974 жылы Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде бастаған. Республикалық «Ауыл» газетінің Қарағанды, Жезқазған облыстарындағы меншікті тілшісі, Приозерный аудандық «Ленин жолы», «Ленинский путь» газеттерінің бөлім меңгерушісі, Балқаш қалалық «Балқаш өңірі», «Сырлас» газеттерінің бас редакторы болып жемісті қызмет атқарды. Балқаш қалалық телестудиясында да еңбек еткен. Жалпы журналистика саласында 43 жылдан астам үзіліссіз еңбек етіп келеді.

1997 жылы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Балқаш қаласындағы меншікті тілшісі.

2001 жылдан бастап, «Орталық Қазақстан» газетінің Балқаш, Ақтоғай, Шет, Приозерск аймағындағы меншікті тілшісі.

«Сағынатын күн туар», «Бұғылы мен Тағылының текті ұлы»,«Қыстың ұзақ таңы атты», «Мені есіңе ала жүр», «Шаңқай түс», «Алма ағашы гүлдегенде», «Алтын аймақтың адамдары», «Жұлдыздар із тастап ағады», «Ел мен жер», тағы басқа кітаптары жарық көрген.

Толығырақ...