28 маусым 1924 – қыркүйек 2010 - Қарағанды қаласының құрметті азаматы Тиышбек Ахановтың туғанына 100 жыл

Жастайынан еңбекке араласқан Тиышбек Аханұлының еңбек жолы, өмірі Қарағанды қаласының өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты.

Тиышбек Аханұлы 1924 жылы 28 маусымда Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында туған. 1941 жылы N1 ФЗО-ны тамамдағаннан кейін «Кировкөмір» тресінің N31 шахтасында электровоз машинисі болып жұмысқа түседі. 1942 жылдың басында өз еркімен комсомолдың шақыруымен майданға аттанады. Мәскеу түбінде 316-дивизия құрамында әскери шұғыл дайындықтан өтіп, Клин, Ржевтегі ауыр ұрыстарға қатысады. 1944 жылы ауыр жарақаттанып, госпитальде емделіп, елге оралады.

Қарағанды мұғалімдер институтын бітіріп, N2 мектепте сабақ береді. 1947 жылы Қарағанды облыстық комсомол комитетіне хатшы, 1948 жылы Қарағанды қалалық партия комитетінде кадр бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Қарағанды қаласындағы Киров және Ленин аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы аудандық атқару комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық атқару комитетінің еңбек және баға бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қарағанды қаласының құрметті азаматы Тиышбек Аханұлы 1987 жылдан республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.

Калинин, Ржев, Торожец, Холм және тағы басқа қалаларды бақайшағына дейін қаруланған неміс басқыншыларынан азат ету жолындағы ұрыстарға қатысады. Т. Аханов Ржевті жау қолынан азат ету жолында от пен оқтың арасында жүріп берілген бұйрықты мүлтіксіз орындады. Торожец қаласын алуда жүрегін жанай өткен оқтан ауыр жарақаттанып, госпитальге түседі. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Елу жылдан астам уақыт Қарағанды облысының экономикалық және әлеуметтік дамуына, мәдениетінің өркендеуіне қомақты үлес қосқан талантты басшы қайраткер.

Тиышбек Аханұлы өзінің Киров аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіндегі естелігінде «Киров ауданы ол кезде қаладағы өзге аудандармен салыстырғанда ең ірісі, әрі проблемалары жетіп артылатын. Ол кезде шахталардың күрделі қаржысы өздерінде болатын. Қазіргідей орталықтандырылған емес. Соған сәйкес әлеуметтік, коммуналдық мәселелерді әр шахта басшысы өзі шешеді. Ескі қаладағы жеркепелер, екі қабатты үйлер осы бертінге дейін сақталды. Бұларда коммуникациялық жүйелер мүлде болған жоқ. Су құбыры дегенді білмейді. Бұл құбылыстарды әр шахта өз мүмкіндігіне қарай салған. Тұрғын үйлер еш жоспар-жобасыз шахталар маңына салына берген. Шахталарда душ, монша, кір жуатын орын деген болмады. Жер астынан малмандай су болып, қап-қара болып шыққан шахтерлер су-су киімдерін қолтықтарына қысып, бүрсеңдеп үйлеріне кетеді. Жаңа қаланың сол жылдары түзілген Сәтбаев, Панфилов көшелеріндегі үйлер біраз уақыт бос тұрды. Өйткені жұмысшыларды таситын көлік жоқ, көп шахтерлер шалғайдағы шахтаға жаяу қатынайды. Бізге осы мәселелерді шешуге тура келді. Екінші күрделі проблема- өндірісті аймақты: Қарағандыны, Теміртауды, Жезқазғанды, Шахтинскіні, Балқашты, Саранды азық- түлікпен, көкөніспен қамтамасыз ету облыс басшылығындағы азаматтардың аса ауыр міндетіне айналды. Осындағы мыңдаған жұмысшыларға жағдай туғызу үшін жарғақ құлағымыз жастыққа тимейтін. Кейін өзіміздің тек осы аталған саладағы өз басымнан, қызметтес жолдастарымның басынан өткен оқиғалар талай күн айтылар дастан сияқты»- деп еске алады.

Замандасы, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетов өзінің кітабында Тиышбек Аханұлы туралы былай дейді- «Т. Аханұлының Қарағанды көмір бассейні, Балқаш, Жезқазған тау кен металлургия комбинаты әсіресе Қарағанды металлургия комбинаты және барлық қалалар мен аудандарда әлеуметтік жағдайдың жақсаруына көңіл бөлді. Халықтың жағдайын жақсарту мақсатында экономиканы көтеру, тұрғын үй салу, қоғамдық тамақтандыру, сауда және мәдени тұрмыстық жағдайды көтеру, ол кісінің қамқорлығында болды. Ол кісі облысты әсіресе әлеуметтік саланы кадр мәселелерінде ерекше қабілеті бар екенін көрсете білді...»

Еңбек жолын 31-шахтада электровоз машинисінен бастап, комсомол, партия, Кеңес органдарына жауапты жұмыстарға жоғарылауы Тиышбек Аханұлының ұйымдастыру қабілетінің жоғарлығында және iскерлiк қасиеттерiнiң арқасында көзге түсіп, қоғамдық өмірге белсене араласуы еді.

І дәрежелі Отан соғысының орденімен, 3 рет «Құрмет Белгісі», «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерімен және көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қарағанды қаласының құрметті азаматы.

2010 жылы  қыркүйек айында қайтыс болды.

Әдебиеттер:

Аханов Тиышбек Қарағанды. Қарағанды облысы: энциклопедия / ред.А. Абдулин.- Алматы: Атамұра, 2006.- 133 б.

***

Алпысбайұлы С. Қоғамның қайыспайтын қара нары // Орталық Қазақстан.- 2004.-26 маусым. 6 б.

Бөкетова Н. Өмірдің заңы - осылай // Орталық Қазақстан. - 2011. - 3 қыр.(№ 144/145). - 6 б.

Жанысбай С. Ардагерді ардақтайық // Орталық Қазақстан. - 2016. - 14 маусым (№ 94). - 3 б.

Нұралы С. Ардагерді ардақтады Баспасөз мәслихаты // Орталық Қазақстан.- 2004.- 1 шілде.

Тишбек Аханұлы Аханов // Орталық Қазақстан. - 2010. - 11 қыркүйек (№ 147/148). - 9 б.