Отан ұлдар: Мұхамедхан Сейітқұлов және Қайым Мұхамедханов: библиографиялық жадынама / Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст.: Ұ.Ө.Жамауова. – Қарағанды, 2020

ХХ ғасырдағы Сталиндік зұлмат қазақтың талай әулетін шаттығынан айырып, шаңырағын ортасына түсірген. Ұрпақтарының жүрегіне өшпестей сызат салып, жандарын жаралаған. Бір ғана Мұхамедхановтар әулетін (әкелі-балалы Мұхамедхан Сейтқұлов және Қайым Мұхамедханов) алып қарайтын болсақ, әке мен бала не азапты көрмеген десеңізші.

Сол заманда биліктен теперіш көрген белгілі абайтанушы, қазақтың аса ірі ғалымы Қайым Мұхамедханов ұлы ақын Абайдың шәкірттерін зерттегені үшін қуғын-сүргін көріп, абақтыға қамалып, азап шеккені жайында бұған дейін аз айтылып, аз жазылмаған. Ал, ғалымның әкесі, сол заманның белгілі алаш меценаты, сталиндік қуғын-сүргін құрбаны Мұхамедхан Сейтқұловқа жазықсыз жала жауып нақақтан ату жазасына кескен. Осындай қиындыққа толы азапты күндерді бастан өткерген әкелі балалы ұлт жанашырларының өмірі мен шығармашылық белестері жайлы, халқымызға тигізген пайдасы туралы не білеміз?

Толығырақ...

2021 жылы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы / Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. С.О.Телпекбаева. – Қарағанды, 2020. – 86 б.

Қарағанды облысының тарихи, қоғамдық-саяси, экономикалық, ғылыми және мәдени оқиғаларының, елімізді дамытуға үлкен үлес қосқан белгілі адамдардың мерейтойларынан тұратын (10, 25, 50, 60, 75, т.б., 100, 125, 150, … жылдықтары) библиографиялық әдебиеттер көрсеткішін кітапхананың «Өлкетану әдебиеті» бөлімі жыл сайын дайындайды.

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы бұл басылымды 1971 жылдан бастап құрастырып шығарып келеді.

2021 жылға ұсынылып отырған «Өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы» атты библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасауын мақсат етіп отыр.

Көрсеткіште облысымыздың тарихындағы, экономикасы мен мәдениетіндегі көрнекті даталарға, белгілі қоғам қайраткерлерінің, Қарағанды облысының дамуына үлкен үлесі қосқан кәсіпорындардың, ұйымдардың, атақты жерлестер мен азаматтарының мерейтойлық даталарына қысқаша анықтама жазылып, әдебиеттердің ұсыныс тізімі берілген.

Толығырақ...

«Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы бойынша 2020 жылы Қазақстанда жалпыға бірдей оқырмандар үшін ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына байланысты Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы ұсынылып отыр.

«Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл кеңес әдебиетінің де дүниежүзілік даңққа бөленген ұлы туындыларының бірі. Шығарма елуден артық тілге аударылып, әлемнің барлық құрлықтарына тарады. Көптеген елдің адамдары бұл романнан қазақ халқының жартығасырлық өмірінің толық суретін, әлеуметтік жағдайын, мәдениетін, тұрмысын таныды.

Жадынамада қазақ және орыс тілдерінде жазушының өмірбаяны, шығармашылығы туралы баяндалып, кітаптар, мақалалар тізімі ұсынылған.

Жадынама көпшілік оқырманға арналған.

Жеңістің өшпес шырағы: облыстық байқаудың «Жеңіс жайлы жырлаймын...» және «Соғыс жайлы барлығы жазылған жоқ» аталымдарына түскен шығармалар жинағы. – Қарағанды: «MAGZHAN», 2020. – 120 б.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Жеңістің өшпес шырағы» облыстық байқауы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қолына қалам ұстаған дарындардың басын қосты! Байқау жоғары деңгейде өтті. Сексенге тарта үміткерлер бабы мен бағын сынға салып, екінші дүниежүзілік соғыс, қаһармандарымыз, ардагерлеріміз, тыл ардагерлері жайлы, Отан, ел мен жер, патриотизм тақырыбында жаңа шығармаларын ұсынып, руханият қорына елеулі олжа салды.

Екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіс туының желбіреуіне қазақстандық қаһармандардың үлесі орасан зор болды. Сол Жеңіс туын Рейхстакқа тіккен Рахымжан Қошқарбаев ағамыздың ерлігінің өзі неге тұрады?! Бұл жолда қасықтай қанын, бозторғайдай жанын қиған жерлестеріміз, қаһарман қарағандылықтар қаншама! Етігімен от кешіп, кеудесін оққа тосса да есімі елеусіз қалған батырларымыз әр әулеттен, шаңырақтан табылады. Олардың есімін жаңғырту – бұл байқаудың басты мақсаттарының бірі болатын. Ұлы Жеңіске арналған жерлерді, ескерткіштерді, Жеңіс жолында шаһит болған, тылда ерен еңбек еткен ардагерлерді жастар шығармашылығына арқау етуді көздедік, және бұл мақсаттарға жеттік деп ойлаймын!

Толығырақ...

Қазақстан Республикасының 2021 жылы аталып өтілетін және еске алатын күндер күнтізбесі / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. Н.О.Искакова. – Қарағанды, 2020.

Жыл сайын Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық - библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі Қазақстан Республикасының ұмытылмас, тарихи күндеріне арналған күнтізбе шығарады.

Осы күнтізбеде елімізге танымал ақын-жазушылардың, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың, саясаткерлердің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің 2021 жылы аталып өтілетін мерейтойлы даталары қамтылған.

Басылымға тарихи оқиғалардың күндері мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік және кәсіби мерекелері күндері енгізілген. Құрастырушы мерейтойлы даталарды атап өтуде өзіндік көмегін тигізеді деген мақсатта Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК қорынан табылатын әдебиеттер тізімін де ұсынған.

Күні мен айы белгісіз айтулы даталар бөлек беріліп, оларға да әдебиеттер тізімі жасалған.

Күнтізбе материалы әр айға бөлініп, онда жалпы тізім бойынша орналастырылған.

Күнтізбе қазақ және орыс тілдерінде шығады.

Басылым көпшілік қауымға, мамандарға, студенттер мен оқушыларға, мектеп мұғалімдеріне, кітапханашыларға арналған.