Қарағанды облысының 2025 жылғы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы: Библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. С.О.Телпекбаева. – Қарағанды, 2024 – 58 б.
"Өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы" атты библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші 1971 жылдан бастап жыл сайын қазақ және орыс тілдерінде шығарылады.
Бұл библиографиялық әдебиеттер көрсеткішіне Қарағанды облысының тарихы, рухани және маңызы бар оқиғалар, еліміздің экономикалық және мәдени дамуына ерекше үлес қосқан жекелеген ұйымдардың, еліміздің қалыптасуы мен нығайюына зор үлес қосқан, халыққа танымал қайраткерлердің, ғылым мен өнердің көрнекті қайраткерлердің, батырлар, ақын-жазушылардың т.б. мерейтойлары енгізуі дәстүрге айналған.
Қазыналы Қарағанды өңіріндегі маңызды және айтулы оқиғалар туралы ақпарат беруді, елімізде қолға алынып жатқан жаңа жобаларды жүзеге асыруды және өлкетану білімін кеңінен таратуын мақсат етіп отыр. Құралдың мазмұны қоғамдағы адамгершілік және рухани құндылықтардың нығаюына, Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге бағытталған.
Күнтізбеге қажетті мағлұматтар әр түрлі дерек көздерінен жиналды, оның ішінде электрондық және дәстүрлі каталогтар, анықтамалық және библиографиялық баспалар қоры, интернет – ресурстары. Тарихи оқиғалармен жеке тұлғалар туралы мәліметтерді анықтап, іздестіруде көптеген анықтамалық басылымдар пайдаланылды: "Қазақстан" Ұлттық энциклопедиясы, "Қазақ өнері" энциклопедиясы, "Қазақстан жазушылары", "Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр" анықтамалықтары, "Қарағанды. Қарағанды облысы" энциклопедиясы, облыстық мерзімді басылымдар және т.б.
Қазақстан Республикасының 2025 жылы аталып өтілетін және еске алатын күндер күнтізбесі / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. – 63 б.
Жыл сайын Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық - библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі Қазақстан Республикасының ұмытылмас, тарихи күндеріне арналған күнтізбе шығарады.
Осы күнтізбеде елімізге танымал ақын-жазушылардың, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың, саясаткерлердің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің 2025 жылы аталып өтілетін мерейтойлы даталары қамтылған.
Басылымға тарихи оқиғалардың күндері мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік және кәсіби мерекелері күндері енгізілген. Құрастырушы мерейтойлы даталарды атап өтуде өзіндік көмегін тигізеді деген мақсатта Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК қорынан табылатын әдебиеттер тізімін де ұсынған.
Күні мен айы белгісіз айтулы даталар бөлек беріліп, оларға да әдебиеттер тізімі жасалған.
Күнтізбе материалы әр айға бөлініп, онда жалпы тізім бойынша орналастырылған.
Күнтізбе қазақ және орыс тілдерінде шығады.
Басылым көпшілік қауымға, мамандарға, студенттер мен оқушыларға, мектеп мұғалімдеріне, кітапханашыларға арналған.
Ғұлама ғалым: қазақ халқының біртуар перзенті, көрнекті ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. – 24 б.
Қазақ халқының бір туар перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ғұлама ғалым ғана емес, бүкіл дүние жүзіне танылған оқымысты, әрі ірі қоғам және мемлекет қайраткері болған ұлтымыздың мақтанышына биыл 125 жыл.
Қазақ даласының осындай алыпты дүниеге әкелуі, ғалымның соңында қаншама игі істердің қалуы жайдан-жай емес. Иә, Қазақстандағы тұңғыш геология ғылымдары институтын ашуы, Ұлттық Ғылым академиясының құрылуы, Қазақстан ғылымын сол кезде шоқтығы биік деңгейге көтеруі - Қазақ елінің мәнгі өшпес мұрасы.
ЮНЕСКО-ның шешімімен 1999 жыл – қазақ халқының ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жылы деп жарияланды. Ендеше бұл - Қанекеңнің мәңгі өлмес есімі мен ешқашан өшпес ғұлама ғалымдығы барша әлем көгінде жарық жұлдыздай жарқырап, егеменді еліне нұрын шашада береді .
Библиографиялық жадынамаға ғалымның өмірбаяны және ол туралы жазылған әдебиеттер мен мақалалар тізімі енгізілді.
Библиографиялық жадынама студенттерге, зерттеушілерге, өлкетанушыларға, әдебиетті сүйетін көпшілік оқырманға арналған.
Қазақтың қаламгері Бельгер деген...: жазушы, сыншы, аудармашы, публицист, әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері Герольд Карлович Бельгердің 90 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. – 14 б.
«Герольд Бельгер – қазақ әдебиетіндегі теңдессіз құбылыс».
Шыңғыс Айтматов
Ұлты неміс болса да, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тарихын жетік меңгерген көрнекті жазушы, публицист, зерттеуші, сыншы, аудармашы Герольд Карлович Бельгердің туғанына биыл 90 жыл. Саналы ғұмырында «Қазақтың қуанышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым», – деп туған жеріне, өскен ортасына, қабырғалы қазақ еліне адал қызмет етті. Қазақтың қайғысы үшін қабырғасы қайысып, қуанышынан қуаттанған Гер аға көзі тірісінде алпысқа жуық кітап, «Гете мен Абай», «Асылға абай болайық!» сияқты екі мыңға тарта мақала және көркем әңгіме жазды. Қазақтың тілі, мәдениеті, өнері, бірлік, ұлтаралық ымыраластық туралы қалдырған қадау-қадау қағидалары қаны неміс болса да, жүрегі «қазақ» деп соққан жазушының бітім-болмысын өзгелерден даралап, ақиқаттың жаршысына айналдырғаны бек шындық. Қазақтың шын жанашырының ел алдындағы адал еңбегі мен азаматтық ұстанымы кезінде сый-құрметке бөленді, қазақ топырағын мекендеген түрлі ұлттар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен шығармалары қазіргі таңда да әділ бағаланып жүр.
Библиографиялық жадынамаға қаламгердің өмірбаяны және ол туралы жазылған әдебиеттер мен мақалалар тізімі енгізілді.
Библиографиялық жадынама студенттерге, зерттеушілерге, өлкетанушыларға, әдебиетті сүйетін көпшілік оқырманға арналған.
Ұлттық рухтың шырақшысы: Қазақ әдебиеті газетінің 90 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. Г.С.Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. - 15 б.
Бүгінде 90 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған «Қазақ әдебиеті» газетінің алғаш құрылғандағы мақсаты қазақ әдебиетін насихаттау, әдебиетті жұртшылыққа таныту болды.
«Қазақ әдебиеті» – ана дәуірде де, бүгінгі Тәуелсіздік дәуірінде де қазақ көркем сөзінің өсуі мен өркендеуіне барынша ықпал жасаушы, Республикадағы бірден – бір қарымы мықты басылым.
«Қазақ әдебиеті» газетінің ұзақ жылдардағы тарихына өрлегенде, бізге мәлім шежіресінде оның жұртшылық ықыласына бөленгені, елдің көңіліндегі армандар мен мүдделерді дәл тауып айтқан, проблемалық мақалалар көтере білген басылым екендігіне көз жеткіземіз. Сонымен қатар газетің әр санынан қоғамдық өмір, саясат, әдебиет пен өнер, ұлттық салт - дәстүр тақырыбын оқи аламыз. Газетті оқи отырып оның бүгінгі таңда үлкен жетістікке жеткенін көреміз.
«Қазақ әдебиеті» газетінің тойы – жалпы, қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің, ұлт руханиятының тойы, ел - жұртымыздың еңселі биігі.
Құрметті оқырман «Ұлттық рухтың шырақшысы» атты библиографиялық жадынаманы назарларыңызға ұсынамыз.
Жадынама көпшілік оқырмандарға арналаған.