Кітапханамызда қазақ жұртының ХХ ғасыр басындағы ақыл-ойы, көрер көзі, қазақ әдебиетіне айтулы үлес қосқан, ұлт руханиятын даңқты туындыларымен байытқан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «Үш бәйтерек-Үш ғұмыр» атты әдеби кеші өтті.
Кештің мақсаты: ұлағатты адамдардың өмірімен шығармашылық жолын жастарға ұғындыру, азаматтық тұлғасын таныту, ұлыларымыздың шығармаларын көпшілікке таныстырып, олардың рухын, түсінік-танымын бүгінгі ұрпақтың есіне мәңгіге қалдыру, жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Қазақ халқының ұлттық әдебиетінің қалыптасуы мен елдің қоғамдық өмірінің дамуына үлкен үлес қосқан, өздерінің жазған түрлі тақырыптағы шығармаларымен адамдардың жаңа заманға сай, сауатты болуына, ой-өрісінің өсуіне ықпал еткен, елді оқуға, білім алуға шақырған, үшеуі де үш бәйтерек сынды қатар өсіп, туған елі үшін еткен еңбектерімен шырқау көкке көтерілген, халқының болашағына жол сілтеген асыл перзенттері, 1894-1938 жылдар аралығында қатар өмір сүрген Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтер болды. Үшеуінің ғұмырлары тым қысқа болғанымен соңдарында мәңгілік елдің мәңгілік мұрасына айналған ұлы шығармалары қалды.
Біз үшін Отанымыздың әр сүйем жері қасиетті болып саналады. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық бірлік нышаны ретінде қоғамдық өмірде ерекше маңызға ие киелі орындар бар. Осындай қасиетті жерлер мен нысандар жайлы жастарға түсіндіріп, олардың өңірлерде жүргізіліп жатқан ғылыми-сараптамалық жұмыстардың бағыт-бағдарын білу мақсатында «Ой-Орда» пікірлесу клубының кезекті отырысы өтті.
Шара Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетінде ұйымдастырылды. Клуб отырысына тарихшы ғалым, өлкетанушы, этнограф, Қарағанды облысының ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архив басшысы Темірғали Аршабеков қатысып, Қарағанды өңіріндегі киелі орындары жайлы әңгімелеп, бағзы бабалардан мұраға қалған ел мен жерді көздің қарашығындай мұқият сақтауға, туған жер, елін сүйер жас буынды ұлтжанды, елжанды болуға шақырды. Сонымен бірге клубтың жетекшісі, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетінің студенті Мирас Қанат Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші, киелі нысан Сеңкібай батыр, Жидебай батыр туралы айтып, қызықты деректермен бөлісті.
2024 жылдың 29 қараша күні Кеншілер мәдениет сарайында өткен Алаштың ардақты ақыны, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Қойлыбай Асановтың 60 жас мерейтойлық кешінде кітапханамыз ақынның шығармашылығына арналған «Қобыз қылып қолымдағы қаламды...» атты фото - кітап көрмесін қалың жұртшылыққа ұсынды.
Кітап көрмеге автордың «Жылымық жылдар жаңғырығы» (2004), «Аңызақ соңы ақ жауын...» (2014), «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» (2010), Сарыарқа кітапханасы сериясымен және Қойлекеңнің құрастыруымен жарық көрген «Арқаның би-шешендері мен ақын-жыраулары», «Арқаның айтыс ақындары», «Шығармалар» (2013) , «Қызыл асық» (2020), «Райыс - көшкен елдің өшпес тарихы» т.б. кітаптармен бірге бірнеше фотосуреттер қойылды.
Сонымен бірге автор өзінің «Сарша тамыз, сары жел», «Сәуірдің соңы құралай» кітаптарын кітапханамызға сыйға тартты.
Ардакүрең ақынның жыр маржандары оның поэзиялық жинақтарында сайрап жатыр. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, Қойлыбай Асановтың жыр маржандарының дәмін білгіңіз келсе, мына кітаптарды оқуға асығыңыздар!
Ойлы оқырман!
Қазыналы кенді өлкенің басты газеті «Ortalyq Qazaqstan» газетіне 2025 жылға жазылдыңыздар ма?
Жазылмаған болсаңыздар бүгіннен қалмай жазылуға шақырамыз!
Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Қазіргі күні ақпарат алмасудың заманауи тәсілі көп болғанымен, газеттің де өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих.
Жалпы, біздің кітапхана мен облыстың бас басылымы «Ortalyq Qazaqstan» арасында сонау алыс жылдардан бері үзілмей келе жатқан тығыз іскерлік байланыс бар. Кітапхана қорында 1949 жылдардан бергі «Советтік Қарағанды» атауымен шыққан кезінен бергі газет тігінділері сақтаулы. Өлкенің тыныс-тіршілігі, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени саладағы оң өзгерістер мен жарқын жетістіктерді осы басылымды оқу нәтижесінде дәйекті деректерге негізделген ақпаратқа қол жеткіземіз.
Газетке шыққан жерлестеріміздің әр жетістігін кітапхананың мұрағатына және электронды каталогына мұқият сақтаймыз. Бұл - ертеден қалыптасқан дәстүр. Қазыналы аймағымыздың шежіресі, жүрек соғысы бар газетті оқу арқылы ана тілімізге деген құрметті көрсетеміз. Ана тілімізде шығатын газеттің беделін көтеру, кеңінен насихаттау – біздің міндет болса, сол газеттің құндылығын сақтап қалу – көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматтың міндеті.
Біздің кітапханаға Каренова Хизат Ахметқызы белгілі Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, академик, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Әл-Карени Рашит Саттарұлының 42 кітабын сыйға тартты.
Сіздерді экономика ғылымдарының докторы, профессор Рашит Саттарұлы Кареновтың көрнекті еңбектерімен танысу үшін біздің кітапханамыздың өлкетану әдебиеттері бөліміне шақырамыз.
Рашит Саттарұлының қазақ ру-тайпаларының және ұлтымыздың негізін қалаған ірі тайпаларының бірі «Арғынның тарихы мен шежіресі» туралы үш томдық жинағында бүгінгі күнге жеткен шежіре-тарихы баяндалады және қазақ генеалогиясын тануға қосылған үлес ретінде оқырмандар жүрегінен жол табары сөзсіз.