Біз үшін Отанымыздың әр сүйем жері қасиетті болып саналады. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық бірлік нышаны ретінде қоғамдық өмірде ерекше маңызға ие киелі орындар бар. Осындай қасиетті жерлер мен нысандар жайлы жастарға түсіндіріп, олардың өңірлерде жүргізіліп жатқан ғылыми-сараптамалық жұмыстардың бағыт-бағдарын білу мақсатында «Ой-Орда» пікірлесу клубының кезекті отырысы өтті.

Шара Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетінде ұйымдастырылды. Клуб отырысына тарихшы ғалым, өлкетанушы, этнограф, Қарағанды облысының ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архив басшысы Темірғали Аршабеков  қатысып, Қарағанды өңіріндегі киелі орындары жайлы әңгімелеп, бағзы бабалардан мұраға қалған ел мен жерді көздің қарашығындай мұқият сақтауға, туған жер, елін сүйер жас буынды ұлтжанды, елжанды болуға шақырды. Сонымен бірге клубтың жетекшісі, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетінің студенті Мирас Қанат Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші, киелі нысан Сеңкібай батыр, Жидебай батыр туралы айтып, қызықты деректермен бөлісті.

 

Пікірлесу клубының отырысына арнайы қонақ болып келген Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттерімен бірге Қарағанды өңіріндегі аңыздар бойынша «Суреттерді сөйлетейік» деген ойын ойнатылды.

Атамекен, жер-су тақырыбындағы пікірлесу клубының бұл отырысы жастардың қызығушылығын, ерекше ықыласын тудырды.

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева