Жыл басынан бері оқу залдары бөлімінің қорына жаратылыстану, техника, медицина және экономика салаларына қатысты көптеген кітаптар легі келіп түсті. Ол еңбектер ғылыммен айналысамын деушілерге, жоғарғы оқу орын студенттеріне, жалпы оқырман қауымға арналған. Солардың бірқатарын сіздердің назарларыңызға ұсынамын:
Шілдебаев, Ж. Биологияға кіріспе: оқу құралы / Ж. Шілдебаев, А. Ермекбаева. – Астана : Фолиант, 2016. – 472 б.
Бұл оқу құралы "Жалпы биология", "Органикалық әлемнің алуантүрлілігі" және "Адам және оның денсаулығы" атты үлкен үш бөлімді қамтиды. Тақырыпты ашып айтқанда тірі организмдердің қалыптасуы мен қасиеттері, даму деңгейлері, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, цитология негіздері, организмдердің көбеюі мен дамуы, генетика негіздері, органикалық дүниенің даму эволюциясы, адам және оның денсаулығы, экология және тұрақты даму мәселелері туралы білімді жаңа мемлекеттік білім стандартына сәйкес беру қарастырылған.
Бөрібай, Э. Радиациялық экология: оқу құралы / Э. Бөрібай. – Алматы : Экономика, 2015. – 184 б.
Кітапта радиоактивті заттар, радиобелсенділік туралы егжей-тегжейлі мәліметтер берілген. Радиоактивті заттардың ашылу тарихы, иондық сәулеленудің түрлері, шығатын көздері, биологиялық ағзаларға әсері ғылыми тұрғыда зерттеліп жазылған. Радиоактивті заттардың биосферадағы рөлі, маңызы мен қызметтері, табиғи радиациялық көздер, радионуклидтер туралы көптеген мәліметтер келтірілген.
Мұхажанова, Н. Геоэкология/ Н. Мұхажанова. – Алматы : Экономика, 2015. – 376 б.
Бұл оқулық ғаламдық проблемаларды, соның ішінде климат өзгерістерінің әсерінен, техногенез салдарынан тіршілік ортасының бүлінуінің өңірлік проблемалары және Қазақстанның табиғи ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері туралы мәліметтерді қарастырады. Сондай-ақ, кітапта геоэкологияның теориялық негіздері мен әдістемелік ұстанымдары, экожүйе, биогеоценоз, ландшафт, геожүйе, интегралды геожүйе, табиғи-техникалық геожүйелер терминдері туралы түсініктер берілген.
Әлинов, М. Энергия үнемдеудің және энергия тиімділігінің негіздері: оқу құралы / М. Әлинов. – Алматы: Бастау, 2015. – 288 б.
Оқу құралында энергетиканың және энергетикалық қауіпсіздік рөлінің артуына сәйкес, энергияның дәстүрлі және балама түрлерінің мәселелері қарастырылады. Дәстүрлі көмірсутегі көздерімен қатар, жел, күн, биомасса, атом және су қорлары негізіндегі энергетиканың да техникалық, экологиялық және экономикалық тиімділігіне баға беріледі. Энергия үнемдеу тұрғысынан электр энергиясы мен жылу өндіру және тұтыну саласының жай-күйі талданады. Қазақстанның отын-энергетикалық кешенінің болашағы, сонымен қатар шетелдік заманауи көрсеткіштермен салыстырғанда, шаруашылық жүйесінің энергия артықшылығының себептері қаралады.
Ермұхан, Н. Еңбек физиологиясы және психологиясы: оқу құралы / Н. Ермұхан. – Астана: Фолиант, 2015. – 176 б.
Ұсынылып отырған кітапта адамдардың жұмыс орнымен, технологиялық үдерістермен, жұмыс құралдарымен байланысы, адам ағзасының қызметі мен құрылымына сай жұмыс талаптары, қарқынды жүктемелерге бейімделуі, еңбектену кезіндегі жұмыскерлердің қызметтік мүмкіндіктері мен психологиялық құбылыстардың көрініс беруі, өндірістік факторлардың жағымсыз әсерінің адам ағзасына әсері, шаршау физиологиясының ерекшеліктері мен жұмыс кезеңдері және демалыс тәртіптері тақырыптары қамтылған.
Әлинов, М. Жасыл экономика негіздері: оқу құралы / М. Әлинов. – Алматы : Бастау, 2016. – 352 б.
Жасыл экономика саласы бойынша алғашқы шыққан оқу құралында "жасыл" экономиканың негізгі қағидалары, технологиялық, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік қырлары, сонымен қатар, шет елдер мен халықаралық бағдарламалардың іс-тәжірибесі қаралады. Қазақстанның "жасыл" экономикаға өтуінің шарттары мен ерекшеліктері көрсетіледі. Қазіргі заманда орын алып жатқан дағдарыс факторларының әртүрлі жақтарын, ұзақмерзімдік келешекке бағдарланған технологиялық, экономикалық артықшылықтарды есепке ала отырып, "жасыл" экономикаға өтуге дайындықтың осы заманғы үдерістері де қарастырылған.
Елшібаев, Р. Шағын және орта бизнесті ұйымдастыру: оқу құралы / Р. Елшібаев. – Алматы : Экономика, 2016. – 172 б.
Оқу құралында шағын және орта бизнестің мәні, маңызы, экономикадағы рөлі, артықшылықтары мен кемшіліктері, шағын және орта бизнес субъектілерінің ұйымдастыру нысандары, қызмет ету ерекшеліктері, шағын бизнесті маркетингтік қызметті ұйымдастыру жағдайлары, менеджменттің ерекшеліктері, инновация және инновациялық инфрақұрылым субъектілері, мемлекеттік қолдау мәселелері, шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың шетелдік озық тәжірибелері қарастырылған.
Уварова, А. Туризмде тамақтандыруды ұйымдастыру: оқу құралы / А. Уварова. – Алматы : Бастау, 2015. – 336 б.
Ұсынылып отырған оқулықта туризм саласында тамақтандыру және қызметтер көрсетуді ұйымдастыру негіздері беріледі. Қонақжайлылық танытудың теориялық және іс жүзіндегі қырлары баяндалады. Тамақтандыру кәсіпорындарындағы өндірістік-технологиялық үдеріске, саяхаттау барысында тамақтандыруды ұйымдастыруға, қонақүйлерге орналастыру мәселелеріне, сондай-ақ гастрономия турларын дайындаудың негіздері ретінде ұлттық асхананың мәдени. Тарихи-этнографиялық ерекшеліктеріне, әртүрлі халықтардың тамақтану дәстүрлерімен байланысына ерекше назар аударылады.
Дайындаған: Серікжанова А.