Құрметті оқырман қауым!
Өлкенің бай мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін құнды мәліметтерге толы кітаптарымызды ұсынамыз. Кез-келген өркениетті мемлекет өз тарихын қастерлейді, оны ұрпақ санасына енгізуге жағдай жасайды. Тәуелсіз еліміздің қазіргі дамуы өткен тарихтың беттерін қайта парақтауды талап етеді.
Аймақтық "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында діни-ғұрыптық орындарға қатысты зерттеу жұмыстары атқарылған.
- Аршабеков Т.Т. Орталық Қазақстанның мешіттері мен медреселері / Т.Т. Аршабеков, Т.С. Тулеуов - Қарағанды: Гласир, 2014. – 180 б.
Орталық Қазақстанның медреселері мен мешіттері ғылыми тұрғыдан зерттеліп, нәтижелері "Гласир" баспасынан жарық көрген.
Авторлары: облысымызға танымал зерттеушілер Тілеубек Темірғалиұлы Аршабеков пен Түлкібай Сақтағанұлы Төлеуов.
Бұл ғылыми еңбекте авторлар ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулері нәтижесінде оқырман қауымға Орталық Қазақстанда орналасқан ортағасырлық мешіттер мен медреселер жайлы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, сол кезеңдегі қазақ даласына ислам дінінің таралуы жайлы мәліметтер келтірген. Өткен тарихи кезеңде халықтың рухани өмірі қандай болды деген мәселенің бірі - рухани тамыры - дін болды. Кітапта қазақ халқына тараған ислам діні қандай дәрежеде қабылданғандығы туралы және де ислам дінінің ғибадат ететін архитектуралық кешендер мен түрлі мешіт-медреселер жайлы бірқатар құнды мәліметтер ұсынылған.
- Аршабеков Т.Т. Орталық Қазақстанның зергерлік өнері / Т.Т. Аршабеков, Т.С. Тулеуов - Қарағанды: Гласир, 2014. – 202 б.
Өлкетану бөлімінің қорын толықтырған екінші кітап ұлттық зергерлік өнерді зерттеуге арналған.
Ұлттық зергерлік өнерінің тарихы өте тереңнен бастау алады. Қазақ халқында зергерлік өнерді тек қана әшекей бұйым ретінде ғана қолданбаған, бұл өнерде халықтың өмірге, дүниеге деген көзқарастарының терең философиялық мән-мағыналары жатыр. Қазақ халқының қолданған әшекей бұйымдары халықтың дінін, ділін айқын көрсетіп, салт-дәстүрінен сыр шерткен, әрбір әшекей бұйымдарды тағуда немесе сыйға тартуда үлкен тәлім-тәрбиелік мән-мағына жатқан. Зергерлік өнерден тұнып тұрған философиялық көзқарастарды, жөн-жосық, түрлі белгілерді байқауға болады.
Зерттеуде Орталық Қазақстандағы зергерлік өнердің көне заманнан бастап қазіргі күнге дейінгі даму тарихы зерттеліп, оқырман қауымға ұсынылған.
Авторлар этнографиялық мәліметтермен ғана шектеліп қоймай, археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған көне зергерлік өнердің небір туындыларымен салыстыра, ұштастыра отырып құнды еңбек жазған.
Басылым ғылым жолында ізденген жас ғалымдар мен оқытушылар үшін құнды еңбектердің бірі болып табылады.