Рухы биік, сырлы да сазды жыры бар ақынымыз Руслан Нұрбайдың кеше ғана тұсауы кесілген «Үтірсіз уақыт» кітабын бірге оқиық.
«Әріптің ұғымына» үңіліп, «Тық-тық тірліктің» ауанын бағып, ата мен немеренің «Сканворд» жайлы түсінігін түгендеп, «Ыстыбұлақ» пен «Шаңырақтауға» деген балалық сағынышы тау-тасты кезіп, алабұртып жүрген Алаш жұртына етене таныс ақынымыздың өлеңдерін оқып қана қоймай, видеоөлеңдерін тыңдай аласыздар!
Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек, өзгені де тану үшін кітап керек демекші, жуырда ғана шығармашылық кештері өткен ақындарымыздың кітаптары кітапханамызға сыйға тартылды.
Таныс болыңыздар:
ҚР Мәдениет қайраткері, филолог-ғалым Қойлыбай Асанның «Бозторғай өлең, боз дала» атты мерейтойлық жинағы. Бұл кітаптан автордың кейінгі жылдары жазылған өлеңдері мен күнделік жазбаларын оқи аласыздар.
Жырау, жыршы, суырып салма өнердің хас шебері айтыскер ақын Тілеген Әділовтің «Тарланкөк», «Жалғыз досым бар менің» туындыларында
ақынның жаңа бір қырын танытатын, поэзия әлемінде ешкімге ұқсамайтын жыраулық сарындағы тың туындылары жинақталған. Сонымен бірге бірнеше айтыстарында оқи аласыздар.
Көпшілік оқырманға арналған кітаптарды оқуға асығайық!
Біздің кітапханаға Каренова Хизат Ахметқызы белгілі Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, академик, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Әл-Карени Рашит Саттарұлының 42 кітабын сыйға тартты.
Сіздерді экономика ғылымдарының докторы, профессор Рашит Саттарұлы Кареновтың көрнекті еңбектерімен танысу үшін біздің кітапханамыздың өлкетану әдебиеттері бөліміне шақырамыз.
Рашит Саттарұлының қазақ ру-тайпаларының және ұлтымыздың негізін қалаған ірі тайпаларының бірі «Арғынның тарихы мен шежіресі» туралы үш томдық жинағында бүгінгі күнге жеткен шежіре-тарихы баяндалады және қазақ генеалогиясын тануға қосылған үлес ретінде оқырмандар жүрегінен жол табары сөзсіз.
5 желтоқсан күні Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы және Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітапхана қорын жинақтау және автоматтандырудың өзекті мәселелері» атты облыстық практикалық семинар өтті.
Семинардың мақсаты – облысымыздың кітапхана мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамыту. Қарағанды облысының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапхана қорын жинақтау және автоматтандыру бөлімдерінің 50 астаммамандары семинарға қатысып, қызығушылықтарын танытты. Семинарды Қарағанды облыстық кітапханаларының басшылары ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Шаймуханбетова А. С. іс шараның модераторы ретінде сөз сөйледі.
Ойлы оқырман!
Қазыналы кенді өлкенің басты газеті «Ortalyq Qazaqstan» газетіне 2025 жылға жазылдыңыздар ма?
Жазылмаған болсаңыздар бүгіннен қалмай жазылуға шақырамыз!
Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Қазіргі күні ақпарат алмасудың заманауи тәсілі көп болғанымен, газеттің де өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих.
Жалпы, біздің кітапхана мен облыстың бас басылымы «Ortalyq Qazaqstan» арасында сонау алыс жылдардан бері үзілмей келе жатқан тығыз іскерлік байланыс бар. Кітапхана қорында 1949 жылдардан бергі «Советтік Қарағанды» атауымен шыққан кезінен бергі газет тігінділері сақтаулы. Өлкенің тыныс-тіршілігі, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени саладағы оң өзгерістер мен жарқын жетістіктерді осы басылымды оқу нәтижесінде дәйекті деректерге негізделген ақпаратқа қол жеткіземіз.
Газетке шыққан жерлестеріміздің әр жетістігін кітапхананың мұрағатына және электронды каталогына мұқият сақтаймыз. Бұл - ертеден қалыптасқан дәстүр. Қазыналы аймағымыздың шежіресі, жүрек соғысы бар газетті оқу арқылы ана тілімізге деген құрметті көрсетеміз. Ана тілімізде шығатын газеттің беделін көтеру, кеңінен насихаттау – біздің міндет болса, сол газеттің құндылығын сақтап қалу – көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматтың міндеті.