Жыр төгеді жүрегі: жазушы Софы Сматаевтың 80 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст.: Ұ.Ө.Жамауова. – Қарағанды, 2021
Қай кезеңде болсын жақсылыққа үн қосып, ізгілікке ұмтылу – адам баласының азаматтық борышы, адамдық парызы болған. Міне, осындай аманатты арқалап, елдік мүддені басты назарда ұстап келе жатқан өзінің «Елім-ай» тарихи роман-трилогиясымен, философ боп тереңдеп, қаламгер боп тебіренген жүрегінің сыры мен жырын ақтарған ой-пікірге толы «Мұңлы ойлар» кітабымен қазақ әдебиетінің көгіне құбылыс болып көтерілген қарымы күшті қаламгер, атақты жазушы, белгілі қоғам қайраткері Софы Сматаев бүгінде мерейлі 80 жасқа толуда.
Софы Сматаев өзінің қалың оқырманына тосын идеяларымен түрлі жанрда қалам тербеп жүрген еңбекқор жазушы. Ендеше, оқырмандары жазғандарын іздеп оқитын қаламгердің ғұмырбаяны мен шығармашылығына арналған «Жыр төгеді жүрегі» библиографиялық жадынамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Жадынама көпшілік оқырманға арналған.
2006 жылдың 8 ақпанында кітапхана жанынан "Жыр-Жауһар" поэзия клубы құрылған болатын. Клубтың ашылуы ақиық ақын М.Мақатаевтың 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген еді.
Клубтың мақсаты – жыр жазуға құлшынысы бар, талабы биік таланттарды қолдау, Алаштың атын аспандатқан қазақтың ақындарының өлең-жырларын дәріптеу, жастарды кеңге құлаш жайған қазақ поэзиясына баулу болып табылады.
"Жыр-Жауһар" поэзия клубының бүгінгі қарқыны көңіл марқайтып, көз қуантады. Клуб мүшелері республикалық, облыстық деңгейдегі мүшәйраларда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Жас ақындардың өлеңдері республикалық, облыстық басылым беттерінде жиі жарияланып, алғашқы жыр жинақтары да жарық көруде. Аймақта өткізілетін барлық әдеби, мәдени шараларға белсене ат салысып, өңірдің рухани өміріне өз үлестерін қосуда.
2016 жылдың қазан айында Жыр – Жауһар клубы 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінде Арқа еліне ғана емес, Республика көлеміне танымал аталмыш клубтың ашылғанына 15 жыл толып отыр. Шығармашылық орталықтың жеткен жетістіктері мен алған асуларын насихаттау, жастарды қазақтың әдеби әлемімен таныстырып, кітап оқуға тарту мақсатымен биылғы жылға кешенді жұмыстар қолға алынды.
Құрметті оқырмандар!
Сіздердің назарларыңызға "Жұлдыз құрт" атты шеберлік сағатын ұсынамыз!
Қаламыздағы Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қабырғасында 15 жыл бұрын «Жыр-Жауһар» поэзия клубы құрылып, бүгінде республикаға танымал үлкен шығармашылық орталыққа айналды.
Орталықтың мүшелігіндегі ақындардың жетістіктері мен жеңістері мақтан тұтарлық. Алдыңғы буыны боп табылатын Алмаз Мырзахмет, Мирас Асан, Қуаныш Медеубаев, Жадыра Байбұланова, Рауан Қабидолдин, Жанат Жаңқаш, Эльмира Сайлауқызы, Айзада Рақымжанова, Ерғанат Кеңесбек және т.б. ақын-жазушылар бүгінде әдебиет әлемінде үлкен орындары бар ақындар. Қазақстан жазушылар одағы облыстық филиалының басшылығындағы Жанат Жаңқаштың жыр-жауһарлық екені де мақтаныш. Орталықтың мерейлі жылында жазушылар одағына жыр-жауһарлық бірқатар ақындар өтті. Бүгінде аймақтың шығармашылық шыңдалуына үлес қосып жүрген ақындар легін жас қаламгерлер жалғап келеді.