9 мамыр – әрдайым бәріміздің мерейімізді үстем ететін күн. Бұл күн - адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жеңіске жеткен, жеңіске жетеміз деп мерт болған боздақтарды еске алатын күн. Майдан даласындағы жанқиярлық ерлік пен тылдағы қажырлы еңбекке бас иіп тағзым ететін күн.

1418 күн. Осынша уақытқа созылған алапат соғыс өрті қаншама ғұмырды жалмады. Жазылған деректерге сүйенсек атылған оқ пен  жарылған  бомбадан 72 мемлекеттің 62 млн тұрғыны ажал құшқанын айтады. Соның арасында 60 мыңға жуық қазақстандықтар да бар. 

Жеңіске жетер жолдың жеңіл болмағаны белгілі. Жеңіс – ата - бабаларымыздың тамған қанының, аналарымыздың көз жасының, үзілген жас ғұмырдың өтеуі. Айтулы мереке қарсаңында кітапханамызда «Ерлік даңқы мәңгілік» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Алапат соғыстың от жалынына оранған ұлы айқаста өзге ұлт өкілдерімен қатар, қазақ жауынгерлері де ерекше көзге түсті. Көрмедегі басты назардағы кітап «Ер есімі – ел есінде» (Алматы, 2015) деп аталады. Туындыға екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігі мен жеңілмес рухы өзек болған. Олардың көбі Ұлы Жеңісті жақындатқанымен ұрыс даласынан оралмады.

Танымал журналист Ж.Аупбаевтың «Рухы күштілер» кітабында (Алматы, 2015) Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің қиын қыстау кездегі басынан кешкен қилы тағдыры жайлы ой толғайды.«Қаһарман 1945 - 1975» атты жинаққа (Алматы, 2016) Отанымыздың байтақ жерін қорғап, арын жалау етіп, жанын алау еткен ұл – қыздардың қаһармандығы жайлы сыр – сұхбаттар енгізілген. Ұлы Отан соғысы, аға буын өкілдерінің биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын күллі әлемге танытқан – соғыс. «Ерлік дастан» (Астана, 2010) антологиялық жинағының бірінші бөліміне майдангер ақындардың өлең – жырлары топтастырылса, екінші бөлімге төрт жылға созылған қанды қырғындағы ел мен ер ерлігін жырына арқау еткен басқа да көптеген ақындардың туындылары енгізілген.  Тарих ғылымдарының докторы Т.Көлбаевтың «Өшпес даңқ» кітабында (Алматы, 2013) Алматыда жасақталған 100–ші, Ақтөбеде жасақталған 101-ші қазақтың ұлттық атқыштар бригадасының жорық жолдары мен жекелеген жауынгерлер ерлігі жайлы баяндалады.

Қазақ халқының маңдайына біткен парасат пайымы терең, өр тұлғалы ұлдары мен қыздары аз болмаған. Солардың бірі және бірегейі - Ұлы Отан соғысы кезінде Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс жалауын тіккен қазақ батыры Рахымжан Қошқарбаев болатын.  «Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев» туындысы (Алматы, 2015) халқымыздың батыр ұлы жайлы, оның ерлігі жайлы  естелік кітабы. Сондай қаһарман жерлесіміз, Қазақ халқының ұлы перзенті, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, әйгілі жазушы Бауыржан Момышұлы - ХХ ғасыр биігінде тұрған дара тұлға. Хас батырдың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қаһарман Бауыржан Момыщұлы» деп аталатын фотоальбомда (Алматы, 2008) жастық шағы, қан майдан мен Жеңіс туын қолға ұстаған тарихи кезеңдері жайлы архивтік құжаттар, фотосуреттер, деректер арқылы қамтылған. Сондай – ақ жазушының өз туындылары – «Москва үшін шайқас» (Алматы 2008), «Генерал Панфилов» (Алматы, 2010), «Соғыс қателікті кешірмейді» (Алматы, 2010) романдары көрме мазмұнын толықтыра түскен.

Кітап көрмесінен мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалармен де таныса аласыздар. «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 9 мамырда жарық көрген Қ. Тәжиевтің «Азамат сыны - ерлік, ерлік сыны - елдік» мақаласы Кеңес Одағының батыры Абдолла Үсенов жайлы тың деректермен бөліседі. «Орталық Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 7 мамырда Е. Адамбековтың «Сталинградта көше бар «Қазақ» деген» атты мақаласы тарих бетінде өшпес ізі қалған 316 атқыштар бригадасының ерлігі жайлы баяндайды.

Құрметті оқырман, Ұлы Жеңіс мерекесі - аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған мереке. Ерлік пен қаһармандық мерекесі!

Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын! Отанымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын!

 

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Айтбаева К.Т.

Ай кітабы