Ағыбай батырға ескерткіш (2007, Балқаш қаласы. Тәуелсіздік алаңы)

Ағыбай Қоңырбайұлы (1802-1885) Шұбыртпалы арғын руынан, Ұлытау етегінде туған. Ол Кенесары ханның сенім серігі және алғашқы әскери кеңесшісі болған.  Кенесары әскері Ағыбайдың қолбасшылығымен патша әскері мен қырғыз манабы Орманғаның отрядын бірнеше рет жеңген. Ағыбай  Балқаштың оңтүстік өңірінде мешіт ашып, ағартушылықпен шұғылданған. Өмірінің соңғы жылдарында Тоқырауын өзені бойында жер шаруашылығымен айналысқан, балық аулауды кәсіп етіп осы іске көпшілікті үйреткен. Ағыбай 1885 жылы Балқаш көлі жағасында Тасарал деген жерде қайтыс болған.  Қазақтың қолбасшысы Сарыарқа мен Бетбақдала түйісіндегі Тайатқан тауында жерленген.

Ескерткіште Ағыбай барлық әскери киімімен, қолында найзасы, ат үстінде келе жатқан кезі бейнеленген. Жалпы композиция классикалық образда берілген, сонымен қатар ұлттық ерекшелік, қазаққа тән динамика сақталған. (сауыт сайман, қару-жарақ, ат-мәзірлері).  Батырдың тек күші ғана емес, рухани парасаты да көрсетілген. Бұл батырдың ат үстіндегі нық және еңселі отырысы мен аттың жүрісінен сезіледі.

Авторлар: мүсінші Ж. Қалиев, суретші Е. Шахиев

Материал: қола, гранит

Дереккөз:

  • Шөженов Ж.  Батыр ескерткіші бой көтереді // Орталық Қазақстан. - 2007. - 3 мамыр. - 4  б.
  • Липовка В. Центр Балхаша украсит бронзовый всадник // Подробности - 2007.- июль