[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/2017_kapan_satybaldin is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
Көптің ойын байытып, сауатын молайтып, білім нәрімен сусындатар кітапханамызда 2017 жылдың 16 қараша күні тағы бір танымдық кеш өтті. Әдеби-шығармашылық кеш ұлтын сүйген, отаншылдық сезімі орасан әдеби шығармашылықтың бар саласында қолтаңбасын қалдырған жерлесіміз Қапан Сатыбалдиннің 100 жылдығына арналды.
Қазақ тарихындағы қысталаң кезең, отызыншы жылдары әдебиетке келген жазушы Қапан Сатыбалдин өз дәуіріндегі әдеби даму үрдісінде оның шығармалары публицистік жалынымен, өршіл отансүйгіштік сезімімен, биік мұраттарға беттеген рухани қуатымен ерекшеленді. Прозалық шығармалары жаңашыл жазу бағыттарымен, халық тілінің қанық бояуы көшкен сұлу тілімен танылды. Сатыбалдин көркем очерк саласында да өнімді еңбек етті. Ол очеркті көркемдік деңгейі жоғары, көркем шығармадай қызыға оқылатын етіп, ширықтыра жазған. Драматургиядағы жеңіл, нақты, қарапайым өмір суреттерін қамтып жазған қаламгер.
"Артында қызы қалғанның ізі қалғаны, артында ұлы қалғанның – өзі қалғаны" демекші кешіміздің құрметті қонағы Мәскеу қаласынан арнайы келген жазушының үлкен қызы Наркес Қапанқызы Сатыбалдина және Алматы қаласынан туысқаны Агилес Абдуллақызы Мусаева.
Кештің шымылдығын ашқан Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Еркебұлан Мүлікұлы Ағымбаев Қарағанды облысы әкімінің құттықтау хатын оқып, жазушының қызына кестелі шапан жапты.
{gallery}material/news/2017_kapan_satybaldin{/gallery}
Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры, ақын Серік Ақсұңқарұлы бастаған Қарағандының танымал ақын-жазушылар, ғалымдар, журналистер қатысты. Кеш барысында қазақ әдебиетінде өз орнын алған жазушы Қапан Сатыбалдиннің шығармашылығы, қызметі жайлы әңгіме өрбіді.
Сөз кезегін алған Қазбек би аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ерғазы Сәдуақасұлы Жазықбаев жазушымен кездескен сәттерімен бөлісті.
"Ардақтап атын әкенің" деп сөз кезегі жазушының қызы Наркес Қапанқызы әкесі өте еңбекқор, жан-жақты білімді азамат адал жар болғандығын, әкесінің балаларын еркелетіп өсіргендігін, әрдайым сыйлықтар жасағанын ұнататынын еске алды.
{gallery}material/news/2017_kapan_satybaldin1{/gallery}
Тындырылған үлкен істің қуанышты сәтіне де кезек келді. Н.К.Сатыбалдинаның құрастыруымен Мәскеу қаласы, "Издательский Дом Высшее Образование и Наука" баспасынан 2017 жылы жарық көрген "Мен жырлаймын..." жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Жаңа кітап лентасын "Ғасыр адамы", ғалым Темірғали Көкетаев қиып, ақ тілегін білдірді.
Жазушы деген қазақ халқы үшін тек қана көркем сөзден ой кестелеген шебер ғана емес, халқының мақтанышы, адалдық пен әділдіктің нышаны. Қазақ әдебиетінде өз орнын алған жазушы Қапан Сатыбалдиннің тұтас бір кезеңдегі әдеби даму үрдісінен көз жазбай, қол үзбей еңбектенген сезімтал, сергек, қажырлы қаламгер екені туралы Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ әдебиетші ғалымдары Қ.Д. Асанов, Ж.Ж. Жарылғаповтар кеңінен баяндап берді. Шара барысында ақын Қайрат Асқар жазушыға арналған арнауын оқыса, туысқандары Рысты Мәдиқызы, Нөсербай Асылбеков естіген, көрген естеліктерімен бөлісті.
Ән жырмен жалғасқан кеш жазушының 100 жылдығына арнайы өлкетану әдебиеті бөлімі қызметкерлері дайындаған "Жазушы Қапан" атты виртуалды кітап көрмесінің таныстырылымы болды.
Кітапхананың оқу залына лық толған оқырман жазушы, драматург Қапан Сатыбалдиннің 100 жылдық мерейтойына арналған әдеби-шығармашылық кештен рухани қуат алды.
Сандуғаш Орынбайқызы Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы
Толығырақ бейнематериалда: