[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/kraeved/2017_jzana_kitap is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
Кітапхана төрінде өткен әдеби-шығармашылық кеште тарихшы, өлке зерттеушісі Темірғали Аршабековтың жаңа туындысы "Арқаның Әсет ақыны" атты монографиялық еңбектің тұсауы кесілді.
Қазақтың көрнекті ақыны, әйгілі айтыскер, әнші-композитор, Абайдың ақындық мектебінің талантты өкілі Әсет Найманбаевтың ғибратты ғұмыры, шығармашылық шыңы жайында деректер қамтылған жаңа кітап Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйтқысымен жарық көрді. "Арқаның Әсет ақыны" ғылыми еңбекті жазу мұрағат қорларындағы сирек қолжазбаларды сараптау, мұражайларда сақталған ақын өміріне қатысты жәдігерлерді зерттеу, фольклорлық және этнографиялық материалдар жинақтау арқылы жүзеге асқан.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастырумен өткен әдеби-шығармашылық кешке белгілі тарихшылар, филологтар, өнертанушылар, ақын-жазушылар, әдебиет пен мәдениетке қызығушылықтары бар жас буын өкілдері қатысты.
Кеш барысында Әсеттің асқақ үнді, әсем ырғақты әндер шығарған сазгерлігіне қоса әдеби қорымызға көркемдігі жоғары мол мұра қосқан ақындығымен де оқшауланатын тұлға екенін, әлеуметтік ойларын, демократиялық-ағартушылық идеяларын өлеңмен, әнмен таратқан Абайдың бағытындағы ақын және оның алдын көрген талантты шәкірттерінің бірі болғаны жайында әңгіме өрбіді.
{gallery}material/kraeved/2017_jzana_kitap{/gallery}
Кеш қонақтары жаңа кітапқа қатысты өздерінің жылы пікірін білдірді, авторға ақ жол тіледі.
Өз жанынан өлең шығарып айтуымен қатар, өз өлеңдеріне ән де шығара білген ақынның өлеңдері халыққа кең тарап, халық жүрегінен жылы орын тауып, ел арасында көптеп сақталған. Ақынның сөзі мен әуені шебер ұштасқан, өзіндік өрнегі, мәнерімен ерекшеленетін "Інжу-маржан", "Қысмет", "Мақпал", "Үлкен Ардақ", "Кіші Ардақ", "Қоңыр қаз" әндері осы кеште орындалды.
Оқырман назарында "Арғынмын, атым – Әсет арындаған" атты кітап көрмесі ұсынылды.
Кітапханамыздың қорына толыққан жаңа кітаптың оқырманы көп болсын!
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы
С.О.Телпекбаева