Қарағанды – еліміздің өндірісі өрлеген, рухы терлеген ірі қалаларының бірі. Өзінің 80 жылдығын тойлап жатқан Қарағанды қаласы көз алдымызда құбылып, көркіне нұр сіңіп барады.
Өз тағдырын Қарағандымен сабақтастырып, соңында өлместей мұра қалдырған, қазақ әдебиетіне әлемдік тың үрдісті енгізген қаламгер Саттар Ерубаевтың 100 жылдық мерейтойы да осы жылы тойланып,елеулі оқиға болып отыр.
"Саттар қанаттанған қала" атты ерекше сипаттағы көше мерекесін атап өткен кітапхана жазушының шығармашылығымен жиналғандарды таныстырып қана қойған жоқ, қала шежіресін саналарда тағы бір жаңғыртты.
Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бастығының м.а. Е.А. Ағымбаевтың құттықтау сөзімен мерейтойлық мерекенің шымылдығы ашылып, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі К.Н. Жұмабековтің орындауындағы "Менің құрдастарым" романынан алынған шағын үзінді жиналған қауымды баурап алып, кеуделерінде өшпестей әсер қалдырды.
Сөз кезегін алған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, "Орталық Қазақстан" газетінің ардагері, А.Ж. Жанғожин көмір алыбы - Қарағандының даңқы 30 жылдардың басында дүрілдей бастағанда оның абырой-атағын еселей түсуге асыққан дарынның бірі-Саттар Ерубаев деп өмір жолындағы кезеңіне шолу жасады. Және де "Қарағанды пролетариаты" газетінде қызмет істеген уақытына тоқталып, Саттар аз жасаса да көп тындырған, мағыналы өмір кешкен жан екенін, жазғанынан жазбағы, айтқанынан айтпағы, бергенінен берері мол, қыруар болатындығы туралы ойын ортаға салды.
Жазушының шығармашылығы, өмірі туралы мағлұмат алған оқырман қауым, қаламыздың әсем ғимараттары мен сәні мен салтанаты жарасқан С.Ерубаев көшесіне саяхат жасады.
С.Ерубаев көшесінің бойында орналасқан барлық мекеме ұйымдардың, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындарының өкілдері және көшенің байырғы тұрғындарының бір тобы мерекенің өтуіне өзіндік үлестерін қосты.
ҚР құрметті архитекторы, ҚарМТУ "Архитектура және дизайн" кафедрасының доценті С.А. Лебедев, ҚР құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Е.Б. Кузнецова көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері, "Шахтер даңқы" белгісінің толық иегері В.В. Мудров жиналғандар алдында осы көшенің бойыңдағы ірі ғимараттардың, тек бұл көше емес Қарағандының әр аймағындағы әсем үйлердің қалай бой көтергені жайында, қала құрылысының өткен іздерінен естеліктер айтып, жазушының есімін көше тұрғындарының, әсіресе, жас буынның біліп жүруіне, оған құрмет көрсетуге үндеді.
Видео:
{youtube}http://www.youtube.com/watch?v=zDvoKA9X59I&feature=youtu.be{/youtube}
Осы көшенің бойындағы облыстық клиникалық емханадан, Қарағанды "Болашақ" университетінен, облыстық ішкі істер департаментінен, №92 гимназиядан, облыстық балалар мен жасөспірімдер сарайынан, облыстық тарихи-өлкетану музейінен, "Видергебурт" неміс орталығынан, "Арко" типографиясынан келген қонақтар өз мекемелерінің тарихы, жұмысы, қаламыздың өркендеуіне қосқан үлестері жайында мақтанышпен ортаға салды. Көтеріңкі шаттық көңіл күймен ажарлана түскен мерекеде гүлденген еліміз жайлы рухты әндер орындалды.
Шараның шарықтау шегі болып "Саттар қанаттанған қала" атты виртуалды көрменің тұсаукесері болды. Оқырмандар жүрегінің төрінен орын алған көрмедегі мәліметтер қызығушылықтарын арттыра түсті.Жалпы осы өткізілген шарамыздың берері мол екендігін айта кету керек. Жалпы дәріптеуден де жалықпай тармақтап саналарға сіңіру өз сүйікті қаламыз туралы молырақ білуімізге мүмкіндік берері анық.
Телпекбаева, С. "Саттар қанаттанған қала" – сексенде // Орталық Қазақстан. - 2014. - 1 наурыз