Мемлекеттік рәміздер - Ту, Елтаңба, Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. 4 маусым күні еліміз - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін атап өтеді. Биыл бұл мереке әсіресе ауқымды түрде атап өтілмек, себебі, 2022 жылы тәуелсіз мемлекетіміздің Мемлекеттік рәміздері қабылданғанына 30 жыл толады.

Осы тарихи оқиғаға орай 1 маусымда коворкинг орталығында Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне арналған «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік нышаны» кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты: Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін насихаттау, еліміздің жас азаматтарына патриотизм, гуманизм, келісім және бейбітшілік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу.

Көрмеде басты назарда «Қазақстан Республикасының Конституциясы» (Алматы, 2010 ж.) фотоальбомы ұсынылды.

ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы жан–жақты ғылыми – көркем пайымдау арқылы замандастарымыздың бойында мемлекеттік мұраттарға адалдық, отаншылдық сезімдерін оятатын еңбектер - Ербол Шаймерденовтің «Елтаным» (Алматы, 2005 ж.) және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Рәміздері» (Алматы, 2001 ж.) деп аталады. Қазақтың алғашқы рәмізтанушысының қайта қаралып, толықтырылған жаңа кітабы – «Елтану әліппесі» (Алматы, 1998 ж.).  Көпшілік жылы қабылдаған бұл кітап Е. Шаймерденовтің рәміздер бойынша алғашқы зерттеулерінің жалғасы. Автор жаңа тарихтың тартысты да талқылы кезеңін тартымды аша білген.

Оқырман назарына ұсынылып отырған кітап көрмесінде «Тәуелсіздік нышандары» (Алматы, 2011 ж.) атты еңбегі тәуелсіз Қазақстан нышандарын кешенді түрде бейнелейді. Кітаптың жаңалығы мен ерекшелігі сол – Мемлекеттік рәміздермен қатар тәуелсіз Қазақстанды бейнелейтін республиканың елеулі табыстары мен брендтері берілген.  Көрме «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы» (Астана, 2012 ж.) деп аталатын яғни,  рәміздердің авторлары және олардың эскиздермен жұмысы естеліктеріне негізделген материалдармен толықты.

30 жылдық тарихы бар рәміздердің маңызын айқындап, мерейін үстем етуде мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалардың да рөлі зор. Жәлел Шалқардың «Орталық Қазақстан» газетіндегі «Ел рәміздері – еркіндік нышаны» (2021, 3 маусым) атты мақаласы, Руслан Ботағаринның «Ұлттық нышан ұлықталуы тиіс» (2021, 3маусым), сондай-ақ, Бәкен Қайратұлының  «Егемен Қазақстан» газетінде орын алған «Тәуелсіздік бойтұмары» (2021, 4 маусым) атты мақалалары - жалпы мемлекеттік рәміздер арқылы мемлекетті, оның ұстанған құндылықтарын, тәуелсіздікке қалай қол жеткізгендігі туралы тарихы баяндалған, көпшілік назарындағы мақалалар да көрме сөрелерінен орын алды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі. Біз халқымыздың мүддесін қорғайтын күшті, беделді мемлекет құру жолында биік белестерге бірге жетеміз!».

Ендеше, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиісті. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.

Көрмеде ұсынылған әдебиеттер оқушыларға, ЖОО студенттеріне, педагогтарға және қазақстандық ұлт үшін тағдырлы сәттің тарихи маңыздылығын сезінгісі келетін қалың оқырманға, барлық қазақстандықтарға пайдалы болуы мүмкін.

Барлықтарыңызды кітап көрмесінің материалдарымен танысуға біздің кітапханаға шақырамыз!

 

Оқу залдары бөлімінің
кітапханашысы: Майданбекова А.