2007 жылдан бастап қазақ әдебиетін дәріптеу, қоғамның оқуға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту мақсатында елімізде "Бір ел – бір кітап" акциясы өткізіліп келеді.
Он жылдан астам тарихы бар акцияның әр жылында "Жыл кітабына" бір шығармадан ұсынылып отырды. Яғни: А. Құнанбаев "Қара сөздері", М. Әуезов "Қилы заман", М. Жұмабаев Лирикалық өлеңдері, Ж. Молдағалиев "Мен қазақпын" поэмасы, Ж. Аймауытов "Ақбілек" романы, О. Бөкей шығармалары, Ф. Оңғарсынова "Дауа" өлеңдер жинағы, С. Мұратбеков "Жусан исі" және "Басында Үшқараның" повестері, І. Есенберлин "Көшпенділер" трилогиясы, Д. Бабатайұлы шығармалары, С. Торайғыров шығармалары.
Ал, 2018 жылы осы акция аясында бір халық болып оқуға үш бірдей шығарма таңдалып алынды. Олар: Ш. Құдайбердіұлының шығармалары, Б. Момышұлының "Ұшқан ұя" повесті және Н. Келімбетовтің "Үміт үзгім келмейді" атты кітабы. Бұл өскелең ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеп, өмірге деген құштарлық пен адамгершіліктің мән-мағынасын түсіндіретін туындылар.
Осы шығармаларды қалың оқырманға жақынырақ таныстыру мақсатында кітапхананың оқу залында "Қазақстанның әдеби мұрасы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде 2018 жылдың "Жыл кітабы" болып таңдалған үш тұлғаның кітапхана қорындағы шығармалары мен олар туралы құнды еңбектер ұсынылған.
Қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған, XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, ұлы Абай мектебінің дәстүрін жалғастырушы, өзінен кейінгі ұрпаққа сарқылмас мол мәдени мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердиев (1858 ж.)белгілі гуманист ақын, ойшыл тарихшы, шежіреші, ғұлама болған. 1905 жылы қажылық сапар шегіп, Стамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптар оқып, соның негізінде "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі" (1911), "Мұсылмандық шарты" (1911) еңбектерін жазады. Ақынның бұл тұста діншілдігі танылады, дін бұзушылықты қатты сынға алады. Сондай-ақ, Л.Толстой, А.С.Пушкин шығармаларын аударды. Шәкәрімнің "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек", "Нартайлақ-Айсұлу" дастандары, "Әділ-Мәрия" романы және басқа да прозалық шығармалары мен философияға қатысты еңбектері, сазды әуендері қалған.
Кеңес одағының батыры, жазушы, әскери қолбасшы, стратег және тактик Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда туған. Соғыстан келген жылдары ғалымдар Момышұлын соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы лекцияның стенограммасы кейінірек "соғыс психологиясы" деген атпен кітап болып шығады. 1952-1956 ж.ж. "Офицердің күнделігі", "Бір түннің тарихы", "Біздің семья" атты алғашқы кітаптары жарық көреді.
1974 жылы "Ұшқан ұя" атты өзінің балалық кезі мен әкесі Момыштың бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Бұл повесть халқымыздың ХХ ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы. Салт-сана, дәстүр, ұлттық келбеті өте шынайы суреттеледі. Мемлекеттік сыйлыққа ие болған "Ұшқан ұя" кітабында он алтыншы жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған.
Түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетов 1937 жылы дүниеге келген. "Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі", "Ежелгі дәуір әдебиеті", "Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы", "Қазақ әдебиеті бастаулары", "Көркемдік дәстүр жалғастығы", "Ежелгі әдеби жәдігерлер" атты әр жылдарда зерттеу еңбетері жарық көрген.
Жазушы Н. Келімбетовтің "Үміт үзгім келмейді" атты хикаят-монологында ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты сөз болады.
Құрметті оқырмандар, бұл шығармалардың барлығы біздің кітап қорымызда бар.
Алып оқыңыздар, өз ойларыңызбен бөлісіңіздер!
Серікжанова А., сектор басшысы