"Атаның баласы болма, Адамның баласы бол", - деп ұлы Абай айтқаныдай, қарапайым қазақ отбасында туып-өсіп, тәрбиеленіп, ата өсиетін, ана ғибратын өмірлік азық еткен Елбасының ғажайып парасаты мен пайымы, ұлтжандылығы жас ұрпақ біздер үшін өнеге.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан халқы үшін айтулы мерекенің бірі болып саналатын 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, оқу залдары бөлімінде "Елбасы – ел тірегі, ел намысы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде Елбасының өмір жолы, ой-толғамдары және кемеңгер тұлға туралы еңбектер ұсынылды.

Н.Ә. Назарбаевтың бұрын жарық көрген "Туған елім-тірегім" (2001), "Өзекжарды ойлар" (2003), "Ой бөлістім халқыммен" (2006) деп аталатын жинақтарын кітапханамыздың оқырмандары жылы қабылдаған болатын.

2014 жылы жарыққа шыққан Н.Ә. Назарбаевтың "Мәңгілік ел. Ғасырға бергісіз жылдар" атты жаңа кітабы көрме сөресінен табылды. Бірнеше бөлімнен тұрады. Әрбір бөлімінде мемлекет пен қоғамның: экономиканың, әлеуметтік саланың, ішкі және сыртқы саясаттың табысты дамуы туралы ой қозғалады. Бұл – Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен Ұлы өзгерістер жолы жан-жақты қамтылған тұңғыш кітап.

Оқу залының қоры жаңа кітаптармен толығуда.

Соның бірі "Ізгілікке ізет" атты екі тілде жарық көрген кітапта Елбасының өз халқына деген қамқорлығына, балалардың денсаулығына алаңдаушылығына ризашылық білдірген халықтың ізгі тілектері жарияланған. НДП "Нур Отан" баспасынан шыққан.

"Елбасы партиясы" атты кітап "Нұр Отан" Халықтық демократиялық партиясының қалыптасуы мен қызметінің негізгі кезеңдері туралы, осы процеске Н.Ә. Назарбаевтың жеке үлесі туралы баяндайды.

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, белгілі публицист Айтбай Сәулебектің авторлығымен жарық көрген "Құрыш тұлға" атты 2017 жылы "Деловой Мир" баспасында жарық көрген кітабында автор тарихи құжаттарға, куәгер-тұлғалардың жүрекжарды сөздеріне, тың ой-пікірлерге, деректер мен дәйектемелерге арқа сүйейді. Елбасының Арқа төсінде өткізген жалынды жастық шағын бұрын жарыққа шықпаған, мұрағаттарда сақталған түрлі құжаттармен сөйлетіп, оқырмандарға құрыш тұлға өмірінен шынайы ақпарат алуға мүмкіндік сыйлаған.

Қазақстан Президенті өзін прагматик саясаткер ғана емес, екі жүзжылдықтың, яғни өткен XX ғасыр мен XXI жаңа ғасырдың тоғысында пайда болған жаңаша өркениеттің мән-мағыналарын терең түсініп, қабылдай білген аса көрнекті стратег ретінде көрсете білді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев барша ұлтты бауырына басқан бауырмал, татулық пен достықта тұруды серік еткен. Қазақстан – өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазақ елі тәуелсіз ел болса деген арман ұшқын шашса, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қазақ елінің соңғы жылдардағы тұтқасын ұстап, туын көтерген тұрлаулы да тұғырлы тұлғасы – тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды. Ұлы даланың тағдыр тарихын барлық дем тынысымен түсініп, елінің ендігі тарихын сол ұлылар рухында одан әрі жаңғырта, жасарта алып кететін, ер, көзсіз батыр, тап-таза ар-намыстан жаралған қайтпас қайсар қайраткер, елін басқарып, қос батырдың ісін істей алатындай, халыққа берген еңбегі зор елбасымыз бар.

Елбасы өмірі мен қызметін елі мен жерін, қойдай қоңыр халқын от пен суға түсірмей алға бастай берсін!

Тусупбаева Макпал оқу залдары бөлімі