18 қазан күні Қарағанды гуманитарлық колледжінде оқу залдары бөлімінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен "Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттің рухани-мәдени дамуының тарихи дәуірі" атты тақырыптық сағат өткізілді.
Қазақ тілін латын графикасына көшіру қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Латын әліпбиіне көшу Қазақстан үшін бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол ашады. Өткізілген шара барысында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын алға тартып, қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы студенттер назарына мерзімді басылымдар бетінде жарық көрген тіл мамандарының, саясаткерлердің, тарихшы ғалымдардың сыни мақалалары ұсынылды
Қазақ тілі әліпбиінің бірнеше рет өзгеріске ұшырау тарихын айта кетіп, 1941 жылы жарық көрген "Қазақ ССР-ның Жоғарғы Кеңесінің бесінші сессиясы" атты құжаттар жинағына тоқталды. Бұл жинақта 1940 жылы қабылданған Қазақ тілін латын графикасынан кириллицаға көшіру туралы Заңы және сол кездегі әліпбидің жобасы қарастырылған.
Студенттерді "Кітапханаға латын әліпбиінде кітап сыйла" акциясының мақсатымен таныстырып, нәтижесінде кітапхана қорына сыйға тартылған "Батырлар" (1939 ж.), А. Құнанбаевтың "Таңдамалы өлеңдер" (1939 ж.), Дж. Лондонның "Ақ азу" (1939 ж.), Н. Островскийдің "Құрыш қалай шынықты" (1938 ж.) кітаптарының мазмұнына шолу жасалды. Кітаптардың бейнесі интерактивтік тақта арқылы көрсетілуі студенттердің кітапты оқуға деген қызығушылықтарын оятуға бірден-бір себеп болды.
Б-17 тобының студенттері тақырыпқа байланысты белсенділік танытып, пікірлерін бөлісті. Қазақ тілін латын графикасына көшіру еліміз үшін көптеген мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, кітапхана жайлы ақпарат беріп, жастарды кітап оқуға шақырды.