2011 жылы Серік Аббас-Шах бастамасы мен жастардың қолдауы арқасында 15-сәуірді ғашықтардың төл мерекесі, яки "Қозы Көрпеш пен Баян сұлу" күні деп белгіледі. Бүгінде бұл күннің мереке санатына қосылып, жастардың сүйікті күніне айналғанына 4 жыл толмақ. Осы айтулы күнді жыл сайын тойланатын ұлттық мерекелер қатарына қосу, жастарды кітап оқуға баулу, әдебиетіміздің асыл нұсқаларын насихаттау мақсатында "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жастарының ұйымдастыруымен 15-сәуір күні "Сезім деген – ең әуелі мөлдірлік" атты жұптар арасында сайыс өткізілді. Шараға алты оқу орнынан алты жұп қатысып, тарихтан аты мәлім алты ғашықтың образын сомдап, алты шарт бойынша сайысқа түсті.
Іс-шара өте көтеріңкі көңілде өтті. Барлық қатысқан жұптар сахнаға ұлттық киіммен шығып өз өнерлерін көрсетті. Лиро-эпостық және классикалық поэзия жауһарларынан үзінді оқып, ән айтты. Сұрақтарға жауап беріп, ғашықтық хаттарын сахналап жеткізді. Дайындап келген жұптық суреттерден құралған презентация және альбомдарын ел назарына ұсынып, киім үлгілерін де сынға салды. "Еңлік-Кебек" жұбы білімділіктерімен көзге түссе, киім үлгісімен ерекшеленген "Абай-Тоғжан" жұбы болды. "Естай-Қорлан" жұбының дайындықтары мен жауапкершіліктері көрермен көңілінен шықса, "Ләйлі-Мәжнүн" жұбы мен "Қыз Жібек пен Төлеген" жұбы ән айтуды жақсы меңгергендіктерін көрсетті. Жеңімпаздарды кітапхана директоры Дина Базарбайқызы бастаған С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театры, облыстық тілдерді оқыту орталығы, Республикалық "Қасым" әдеби-қоғамдық журналы, облыстық "Орталық Қазақстан" қоғамдық-саяси газетінен арнайы жасақталған әділ қазылар алқасы бағалады. Барлық қатысушыларға арнайы номинациялар тағайындалып, бағалы сыйлықтар мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Қарағанды Мемлекеттік Медицина Университетінің "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жұбы "Ең алғыр жұп", Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университетінің "Қыз Жібек пен Төлеген" жұбы "Үздік әнші жұп", Қарағанды Банк колледжінің "Абай-Тоғжан" жұбы "Ең үздік сәнгер жұп", Қарағанды "Болашақ" колледжінің "Естай-Қорлан" жұбы "Ең үздік сурет", Қарағанды Гуманитарлық колледжінің "Еңлік-Кебек" жұбы "Ең үздік хат" номинацияларымен марапатталды.
Қазылар алқасының шешімімен ең жоғарғы ұпай жинаған Қарағанды "Болашақ" Университетінің "Ләйлі-Мәжнүн" жұбы "Ең үздік жұп" номинациясында бас жүлдеге қол жеткізіп, ғашықтар күнінің арнайы символы "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" мүсінін иеленді. Сонымен қоса, аталмыш жұптың осы шараға үлкен демеушілік көрсетіп өз тараптарынан романтикалық кешкі ас ішу мүмкіндігін берген "Ақжол" мейрамханасына баруға жолдары түсті.
Сондай-ақ "Ғашықтың тілі – тілсіз тіл" атты ғашықтық жырлардан арнайы жасақталған кітап көрмесі іс-шараға ерекше мән-мағына беріп тұрды. "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жас ақындары көпшілікті жалықтырмай жырдан шашу шашып, тамылжытып ән де салды.
"KINOPLEXX", "ЛЕНИН" кинотеатрлары, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры, облыстық тілдерді дамыту орталығы, "Болашақ" университеті, республикалық "Қасым" әдеби-қоғамдық журналы, Айбек Өжкен бастаған жас кәсіпкер азаматтар және ақын, сазгер Ерқанат Кеңесбекұлы айтулы шараға қолдау көрсетіп, демеушілік етті.
"Жыр-Жауһар" поэзия клубының жетекшісі Ақмаржан Жорабаева мен жас ақын Эльмира Сәбитқызының басмасымен өткен бұл шара кешке қатысқан барлық қонақтардың кеуделеріне тың серпін мен өзекті ой сыйлағаны сөзсіз. Бұл жас өрендеріміздің армандары "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" ғашықтар күнін республикалық деңгейде жыл сайын тойланатын жалпыхалықтық мерекеге айналдыру.
Кітапхана әкімшілігі мен "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жас ақындары барлық қатысушылар мен демеушілерге үлкен алғысын білдіреді.