«Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық» күніне орай «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ф.ғ.д., профессор Жансая Жарылғапов Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына Қасым Аманжоловтың сирек кітаптарын сыйға тартты.
Біздің кітапхана Бүкілдүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күніне орай «Қайырымды істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы аясында «Кітапханалық терапия» акциясын ұйымдастырды.
Иә, кітап - жанға шипа, көңілге медет. Сондықтан да біз «Қарағанды облысы Қарағанды қаласының №1 психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі» КММ кітапханасына қазақстандық авторлардың қазақ, орыс тілдеріндегі қызықты шығармаларын және «Қасым» Республикалық әдеби-қоғамдық журналын сыйға тарттық.
Сыйымызды қабыл алыңыздар!
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған батыс әдебиеттанушыларының 4 томдық «Әдебиет теориясы» антологиясы барлық білім негіздерінің байланысын көрсетеді.
Жаңа оқулықтар әлемдік тарих, әдебиет, халықаралық право, педагогика, интернет – психология т.б.ғылым салаларынан кең көлемде түсінік береді. Кітапхана қоры жаңа аударма оқулықтармен толыға түсуде.
2021 жылдың 20 сәуір күні кітапханамызда "Жапанға біткен бәйтерек" атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті.
Кітап қазақ күресі мен самбоның майталман бапкері, ФИЛА орденінің иегері, КСРО дене шынықтыру және спорт ісінің үздігі, халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, 20-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 200-ден аса спорт шеберін баптаған ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диқанбай Биткөзовтің тағылымды жолына, азаматтық тұлғасына арналған. Қалың оқырманға ұсынылған құнды дүниенің авторы заң саласының қызметкері Айнұр Диханбайқызы, әдеби нұсқасын жазған Қыдырбек Рысбек. Кітап "Мағжан" баспасында көркемделіп жарыққа шықты. Кітап спорт тақырыбында жазылған сирек кітаптар қатарында.