Қорғаны жоқ мемлекеттің болашағы да жоқ. Қатпарлы тарихты ақтарған сайын көзіміз осыған жетеді. Отанын қорғау – құрметті міндет.

Отанын қорғаушылар мерекесі - еліміз үшін қастерлі мереке. Бұл мереке - Қазақстан қарулы күштеріне халықтың зор құрметін көрсетеді. Ел тұрғындарының әскери қызметке сенімін нығайтып, азаматтық борыш пен әскери міндеттің мәртебесін арттырады. Бұл – әр азаматтың патриоттық сезімін оятатын, Отанды қорғау жауапкершілігін арттыратын мереке. Көрнекті ақынымыз М. Мақатаев:

Оңай сөз ғой  «Отанды сүйем» деген,

Не тындырдың басымды иемменен! – деп ой тастауы тегін емес.

 Елімізде «Отанға қалай қызмет етсем екен?» - деген жастарымыз көп болса деген тілек. Мереке қарсаңында кітапханамызда  «Азат елдің айбыны» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде басты назарда Қазақстан Республикасының Ата заңы. (Алматы, 1995) Ел тарихынан, Тәуелсіздік тарихынан, Тәуелсіз жас мемлекетте құрылған «Қорғаныс және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері туралы» Заңы қашан қабылданғаны туралы көптеген мағлұматтар беретін кітап «Қазақстан» энциклопедиясы (Алматы 2014). Қазақстанның көне дәуірлерден  бүгінгі күнге дейінгі әскери тарихын баяндайтын Қ. Аманжоловтың еңбегі (Алматы, 2012) «Қазақстанның әскери тарихы» деп аталады. Кітап жас ұрпақты өз елінің өткен тарихын білуге, отанын сүюге баулиды.

Сонымен қатар өзінің құндылығымен ерекшеленетін кітап Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдардың Жалпыәскери Жарғылары (Алматы, 2004) Ана тілімізде алғаш рет шығарылған «Айбын» әскери энциклопедиясы (Алматы, 2011) ел Қарулы күштерінің, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың, Әскери академия, әскери жоғары оқу орындары студенттеріне ғылыми дерек көзі ретінде ұсынылады. Басылымның мақсаты – мемлекетіміздің біртұтастығы және бір ұлт пен көп этносты халқымыздың бірлігі. Кітапта әлемдік шеңберде болған соғыстар, атақты қолбасшылар, әлемдік қақтығыстарға қатысқан қазақтар, қазақстандық Кеңес Одағының  батырлары, Халық қаһармандары әліпбилік жүйеде берілген.

Б.Қ.Сақтағановтың «Әскери педпагогика» еңбегінде (Алматы, 2012) заманауи педагогика ғылымының және тәжірибелік іс – әрекеттің жетістіктері ескеріле отырып, әскери педагогиканың тарихы, даму кезеңдері, әскери қызметшілерді оқыту және тәрбиелеу теориясы мен тәжірибесі қарастырылған.

Қазіргі таңда қазақ тілінің табиғатын тану, оның қызметтік және ресми мүмкіндігін молайту жанданып келеді. Мемлекеттік тілдің өмірге кеңінен, тереңдеп енуі терминдердің дұрыс жасалуында десек, «Төтенше жағдайлар және азаматық қорғаныс» энциклопедиялық анықтамалығының (Алматы, 2011) шығарылуы – мемлекеттік тілді дамытуға қосылған үлкен үлес деп айтуымызға болады.

Қазақ жырының айтулы жүйрігі Н.Айтұлының «Ту» атты поэмалар жинағы (Алматы, 2012) халқымыздың азаттық жолындағы күресін, елі мен жерін қорғаған батыр бабаларымыздың қаһармандық жорығын, бүгінгі тәуелсіздік мерейін терең толғаған дастандар тізбесі жырмен жазылған ерлік шежіресі сияқты.

Сонымен қатар еліміздің айбыны болған Отан қорғаушыларымыз мерзімді басылымдар назарынан тыс қалмақ емес. «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 22 мамырда Г. Оразованың «Әскери білімнің әлеуеті зор», Республикалық әскери «Айбын» журналының 2020 жылғы 10 санында жарық көрген А. Сәкенқызының «Әскери байланыс – қарулы күштерді басқарудың негізі» атты мақалалары Қорғаныс саласының тыныс тіршілігі мен маңызды мәселелеріне тоқталады.

«Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 9 мамырда жарық көрген.Т.Дәндібаевтың «Қорғаныс саласындағы қаракөздер» мақаласы Қазақстан армиясындағы қыздарды медбикелермен, байланысшылармен, іс жүргізушілермен қарастыру келмеске кеткенін, бүгінде Отанымызды қорғауда ұшқыш, мерген, барлаушы қыздар жауынгерлік сапта тұрғанын мақтанышпен жазады.

«Жауынгер» деген ат, қадірлі де қасиетті ұғым. Өйткені әскери адам оттан да ыстық  Отан шебін қорғайды. Ашық аспан, бейбіт өміріміздің тірегі де, қорғаны да солар.

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Айтбаева К.Т.