Өшпес ерлік : облыстық жыр мүшәйрасы қатысушыларының өлеңдер жинағы / Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. С. Телпекбаева. - Қарағанды : [б. ж.], 2019. - 140 б.

Жинақ Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен жарық көрді.

Жинаққа Кеңес Одағының батырлары Нүркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржановтың өмірі мен ерлігі жайында мақалалар мен өлеңдер топтастырылған. Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен өткен «Өшпес ерлік» атты облыстық жыр мүшәйрасының қатысушыларының өлеңдері енген.

Жыр жинақ жалпы оқырман қауымға арналған.

Қазақтың қос қыраны

Қазақ ежелден ақыны батырын, батыры ақынын қастер тұтқан халық.

Тарихи замандарда ақыны батыр боп, батыры ақын боп та туған.

Бұл даңғайыр дәстүр қазіргі заманауи әдебиетте сан қырлы призмасымен кеңістігімізге нұр-шырай үстеп келеді. Жазу өнерінде батырлар тұлғасы қолына қалам алған әр талапкердің ерекше жақын тартар тақырыбының бірі болуы керек. Тегің мен тарихың, ұлтыңның тағдыры мен барар бағыты жекелеген тұлғалардың қадамы арқылы жасалады.

 

Қарағанды топырағынан шыққан қазақтың қос қыраны Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржанов өмірінен сертін биік қойған есіл ерлер еді. Қазіргі тарих Ұлы Отан соғысын, Екінші Жаһан қырғынын ешқашан естен шығарып, санаттан сызып, санадан өшірмейтіні анық. Ендеше, Жеңіс үшін жанын қиған арыс азаматтарымыз Нұркен мен Қазыбектің де тұлғасы заман алға басқан сайын асқақтай береді. Олардың ісін үлгі тұтқан ұрпағы да, ерлігін ел есіне салып отыратын қаламгерлер де, талапкер жастар да дәйім ел еңсесінің биік болғанынан тілекші.

Жақында Қарағандыда өткізілген қос батырға арналған мүшәйра біздің сөзімізге кепілдік бере алады. Отансүйгіштік пен Ерлік сынды мәңгі тақырыптар бүгінгі жастың да қаламына қуат, санасына шуақ беретініне куә болдық. Ерліктің даңқы мәңгілікпен астас. Ал оны жырлайтын поэзия ел жүрегінің лүпілі екені де анық...

Серік Сағынтай
Қазақстан Жазушылар одағының
Қарағанды облыстық филиалының төрағасы