Ұлтын сүйген ұлы жүрек: Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл: библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Б.Ш. Куртбаева, Н.О. Искакова – Қарағанды, 2018. - 15 б.
Кеңес Үкіметінің жетпіс жылдық билігі тұсында қазақ әдебиетінің тарихынан жазықсыз сызылып тасталған тұлғалардың бірі Мағжан Жұмабаев. Талантты ақынның есімі де, маржан жырлары да бұл кезеңде идеологиялық қудалауға ұшырады. Азат өмірді, халқының тәуелсіз ел болған қалпын көруге ұмтылған, сол жолда білегіндегі күшімен де, жүрегіндегі жырымен де күресіп өткен қайраткер ақынның тағдыры аса күрделі белестерді бастан кешірді.
Мағжан қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі. Ол артына өшпес рухани мол мұра, өзіне өлмес мәңгілік ескерткіш қалдырып кеткен. Көрнекті жазушы, ақын, публицист, Алаш қозғалысының қайраткері. Мағжан Жұмабаев туғанына 2018 жылдың 25 маусымында 125 жыл толады. Қазақ әдебиетінің тарихында Мағжан Жұмабаев көп қырлы талант иесі, жаңашыл ұлт ақыны, зергер жазушы, педагог ғалым, кемел ойлы әдебиетші ретінде халқының жүрегінде мәңгілік сақталмақ.
Осы айтулы датаға орай, Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы "Ұлтын сүйген ұлы жүрек" атты библиографиялық жадынама дайындады.
Жадынамада қазақ тілінде Мағжан Жұмабаевтың өмірбаяны, шығармашылығы туралы баяндалып, кітаптар, мақалалар тізімі ұсынылған.
Жадынама көпшілік оқырманға арналған.