Қазақстан Республикасының 2024 жылы аталып өтілетін және еске алатын күндер күнтізбесі / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2023. – 45 б.

Жыл сайын Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық - библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі Қазақстан Республикасының ұмытылмас, тарихи күндеріне арналған қазақ және орыс тілдерінде күнтізбе шығарады.

Күнтізбеде елімізге танымал ақын-жазушылардың, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың, саясаткерлердің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің 2024 жылы атап өтілетін мерейтойлы даталары қамтылған.

Сонымен қатар, басылымға тарихи оқиғалардың күндері мен Қазақстан Республикасының ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелері күндері енгізілген. Мерейтойлы даталарды атап өтуде өзіндік көмегін тигізеді деген мақсатта Н. В. Гоголь атындағы ОӘҒК қорынан табылатын әдебиеттер тізімі ұсынылған.

Күні мен айы белгісіз айтулы даталар бөлек беріліп, оларға да әдебиеттер тізімі жасалған.

Күнтізбе материалы әр айға бөлініп, онда жалпы тізім бойынша орналастырылған.

Басылым көпшілік қауымға, мамандарға, студенттер мен оқушыларға, мектеп мұғалімдеріне, кітапханашыларға арналған.

Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды әмбебап ғылыми кітапханасы 2023 жылдың 25-26 қыркүйегінде «Шекарасыз – кітапхана» атты дәстүрлі Ашық есік күнін өткізді.

Акцияның мақсаты – оқуға деген қоғамдық қызығушылықты арттыру, оқырмандарды кітапхана жұмысының шарттарымен, жаңа ақпараттық мүмкіндіктермен және кітапхана қызметімен таныстыру.

Кітапхана ақпарат уақытынан бастап, Қазақстанның көрнекті тұлғаларына арналған маңызды тақырыптық кітап көрмелеріне дейін түрлі бағдарламаны ұсынды.

Жастармен жұмыс тәжірибесі бар біздің қызметкерлеріміз студенттерді топтарға тез және үйлесімді түрде бөліп, оларды дайындалған қызықты ойындар, викториналар, көрмелер, библиофреш, кітап десс-коды бойынша бөлімдерге алып жүрді.

Кітапхананың фойесінде «Ізгі тілектер» бұрышы орнатылды. Келушілер кітапхана жұмысы бойынша құттықтауларын, тілектері мен ескертпелерін белсенді түрде қалдырып отырды. Мысалы: «Кітапханадан өте күшті әсер алдым және келесі күндері оқу бөлмесіне келіп, осында кітап оқимын деп мақсат қойдым», «Бұл кітапхананың атмосферасы ерекше. Жылдан-жылға көркейе беріңіздер! Кітап қоры көбейсін!», «Өте керемет. Рухани дамып, көңіліміз көтеріліп қалды. Барлығына рақмет!».

2023 жылдың 20 қыркүйек күні Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Шеберлер клубының» 10 жылдығына арналған «Шығармашылықтың сиқырлы әлемі» облыстық Арт марафонының қорытындысы мен марапаттау рәсімі өтті.

Байқаудың мақсаты - кітапхана рөлін Қарағанды облысы тұрғындары буынының сұхбаттық әрі танымдық, шығармашылық қарым-қатынасы алаңы ретінде және ұлттық сәндік-қолданбалы өнерге деген қызығушылықтарын арттыру.

Арт-марафонға Қарағанды, Саран, Абай қаласынан және Нұра, Шет, Қарқаралы аудандарынан 40-қа жуық шеберлер жұмыстарын жіберді.

Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды әмбебап ғылыми кітапханасы 2023 жылдың 25-26 қыркүйегінде «Кітапхана - шекарасыз» ашық есік  күндерін жариялады.

Біз әрқашан қалада және одан тыс жерлерде тұратын барлық жастағы, әртүрлі әлеуметтік ортадағы оқырмандарға ашықпыз.

Кітапхана игі дәстүр бойынша оқу жылы басында бірінші кезекте жоғары оқу орындары мен колледждердің бірінші курс студенттеріне, жалпы білім беретін мектептер мен гимназиялардың жоғары сынып оқушыларына кітап қазыналарын ашып, әлеуетті оқырмандарды сервистік және ақпараттық қызметтер туралы хабардар ете отырып, есігін айқара ашады.

Сонымен қатар, біз қаланың барлық тұрғындарын осы күндері кітапханамызға шақырып, Ашық есік күнінің ойын-сауық және танымдық бағдарламасына қатысуға шақырамыз.

Қарағанды облысының 2024 жылғы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы: Библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. С.О.Телпекбаева. – Қарағанды, 2023 – 93 б.

Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметінде жыл сайын қазақ және орыс тілдерінде «Қарағанды облысының өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы» атты библиографиялық әдебиеттер көрсеткішін жасау жақсы дәстүрге айналған. Қарағанды облысы бойынша бұл атаулы күндер мен айтулы оқиғалар күнтізбесі 1971 жылдан шығарып келе жатыр. Әрбір шығарылым тарихи оқиғалардың негізгі шежіресін жасап, жұртшылықты республика, облыс тарихындағы атақты ерекше үлес қосқан көрнекті тұлғалармен таныстырып келуде.

2024 жыл аймақ үшін ерекше жыл. Себебі аталған жылы Қарағанды қаласының және Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының құрылғанына 90 жыл толады. Бұл өңір еліміздің дамыған облыстарының біріне жатады. Қарқынды дамып келе жатқан Қарағанды Қазақстанның экономика, ғылым, өнер, білім салаларына едәуір үлкен үлес қосып келе жатқан өлке. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобадағы жүзеге асырылып жатқан істер өлкенің өркендеуіне серпін беріп келеді. Көрсеткіште аймақ туралы анықтама берілді.

Алдарыңызға ұсынылып отырған библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші - қазыналы Қарағанды өңіріндегі маңызды және айтулы оқиғалар туралы ақпарат беруді, елімізде қолға алынып жатқан жаңа жобаларды жүзеге асыруды және өлкетану білімін кеңінен таратуын мақсат етіп отыр. Құралдың мазмұны қоғамдағы адамгершілік және рухани құндылықтардың нығаюына, Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге бағытталған.

Керекті ақпаратты іздестіруде облыстық кітапхананың электрондық және дәстүрлі каталогтарынан, анықтамалық және библиографиялық басылымдар қорынан, интернет – ресурстарын пайдаланылды. Тарихи оқиғалармен жеке тұлғалар туралы мәліметтерді анықтап, іздестіруде көптеген анықтамалық басылымдар пайдаланылды: «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы, «Қазақ өнері» энциклопедиясы, «Қазақстан жазушылары», «Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр» анықтамалықтары, «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясы, облыстық мерзімді басылымдар және т.б.

Біздің ұсынып отырған күнтізбе материалдарын күнделікті жұмыстары үшін мәдениет, ағарту, ғылыми, тарихи, қызмет саласындағы мамандар, мұғалімдер, студенттер, БАҚ қызметкерлері, әртүрлі қоғамдық ұйымдар және өлкетану әдебиеттерімен танысқысы келетін барша оқырман қауым қолдана алады. Әсіресе білім беру мекемелерінде «Өлкетану» бағдарламасы үшін ерекше құнды.