Әлімханова Роза Сейітқалиқызы – ортопед хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің түлегі. Магистратура мен аспирантураны Мәскеу қаласында тәмамдап, кейін Қытай мен Еуропада (Франция, Бельгия және Италия) біліктілігін жоғарылатқан. Роза Әлімханова 40 жыл ішінде 2 мыңнан астам баланы емдеп жазған. Кейіпкеріміз – 30-дан астам өнертабыс пен 120-ға жуық ғылыми еңбектің, 5 оқу құралы және 6 монографияның авторы. 2014 жылы грант жеңіп алып, Қарағандыдан сәбилерді емдейтін шағын орталық ашқан. Бірақ қаржысы таусылып, қазір тоқтап қалыпты. Енді соның жұмысын қайта жаңғыртсам деген арманы бар. Дәрігер өз білгенін жастарға үйреткісі келеді.
30 жылдан астам уақыт ерте жастағы балалардың тірек-қимыл аппараты патологиясын (майтабан, буын кемістіктері, ортан жіліктің сынуы) отасыз емдеумен айналысып келеді. Балалармен көп жылғы жұмыс істеуінің және туа бітті деформация мәселесін зерттеу нәтижесінде әлемде ұқсастығы жоқ емдеудің ғажайып әдісін ойлап тапты. Қазақстандық зерттеушінің жұмысы әлемдік қоғамдастықтың назарынан тыс қалған жоқ. Роза Сейітқалиқызы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымның Алтын медаліне лайық деп табылды. Оның осы саладағы жетістіктері мен жаңалықтарын Қытай және Еуропаның тәжірибелі дәрігерлері мен ғалымдары мойындады. Оның еңбегі еленіп, «100 жаңа есім» жобасына енді. Роза Әлімханова – жас балалардың буын кемістігін операциясыз - ақ емдеуге болатынын дәлелдеп, әлемде теңдесі жоқ ғажайып әдіс ойлап тапқан ғалым. – «Менің ең алғаш емдеген сәбиім әлі есімде. Саран қаласынан майтабан болған 4 айлық баланы әкелді. Гипс салдық. 11 айында тексеріп көрсек, ештеңе өзгермеген. Содан мен ата-анасына өзім ойлап тапқан әдісті қолданып көруді ұсындым. Олар келісті. Осылайша айналдырған бір аптаның ішінде бала аяққа тұрды».
Ағаштан және қайыстан жасалған мына қарапайым құрылғы баланың туа бітті тірек - қимыл аппараты потологиясын құлан-таза емдейді. Оны науқас сәбиге кигізгенде, табанына салмақ түсіп, аяғының бұлшық еті босаңсиды екен. «Емдеу мерзімі ұзаққа созылғанмен, нәтижесі 100 пайыз», – дейді әріптестері. Дертке дауа іздеген ақ халатты абзал жандардың өлшеусіз еңбегі қашан да бағалауға һәм ардақтауға лайық. «Дәрігер - арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген екен ғұлама Гиппократ.
Дәрігер мамандығы - мамандық атаулының ең қасиеттісі де, ең абыройлысы деп білеміз. Ота жасамай ауру салдарынан ағзаның физиологиялық қалыптан тыс ауытқуын қайта қалыпқа келтіру - қиынның қиыны екені айтпаса да белгілі. Ал, Роза Әлімханованың бұл саладағы еңбек өтілі 30 жылдан асып жығылады.
http://qmu.kz/kz/news/view/2570 // Р.С.Әлімханова және Н.Т.Абатов - ҚММУ екі профессоры «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпаздары атанды!
Әдебиеттер:
Әбілдинов Қ. Маймақты емдеудің майталманы // Орталық Қазақстан. - 2007. - 13 ақпан. – 8 б.
Қабидолдин Р. Әлем таныған профессор // Орталық Қазақстан. - 2017. - 15 тамыз (№ 90). – 1 б.
Қанафин Н. Батырлар - құрыш қалада // Орталық Қазақстан. - 2018. - 3 ақпан (№ 14). – 1 б.