Өзіндік қолтаңбасымен ұлы көшке ілесіп келе жатқан жас қаламгер Қуаныш Абдоллаұлы Медеубаев 1987 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. ӘкесіАбдолла Әлмағанбетұлы Медеубаев еңбек, сызу пәндерінен сабақ берген. Ұлағатты ұстаз 2002 жылы қайтыс болған. Анасы Гүл-Бақыт Қойшыбекқызы Әбдірахманова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білгір мұғалімі, бүгінгі күні Қарқаралы ауданы Көктас ауылында ұстаздық етеді. Гәкку атты қарындасы бар.

1994 жылы Қарқаралы ауданының Қасым Аманжолов атындағы кеңшарға қарасты Ақбай-Қызылбай бөлімшесінде алғашқы мектеп табалдырығын аттаған. 1996 жылы Көктас ауылына көшіп келіп, 2005 жылы Көктас ауылының №4 орта мектебін бітірген.

2005 жылы Қарағанды «Болашақ» университетінің (бұрынғы маңызды білім беретін «Болашақ» институты) гуманитарлық-педагогикалық факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөліміне оқуға түскен. Аталмыш оқу орнын тәмәмдап, Теміртау қаласында Ішкі істер басқармасының бас маманы қызметін атқарып келеді.

Өнегелі отбасында тәлім-тәрбие алған Қуаныш Қ.Аманжолов атындағы дәстүрлі аудандық жыр мүшайрасының ІІ жүлдесін, "Жыр жазамын жүрегімнен" оқушылар байқауының І жүлдесін иеленген. 2006 жылы облыстық "От ауызды, орақ тілді шешендер" байқауында Бас жүлдені жеңіп алған. 2011 жылы Алматы облысы Қарасаз ауылында өткен М.Мақатаев атындағы республикалық ақындар мүшайрасының, 2012 жылы Алматыда ұйымдастырылған Т.Айбергенов атындағы жыр мүшайрасының жеңімпаз жүлдегері. Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған «Мен жастарға сенемін!» атты жас ақындар байқауының 2-орын иегері (2013ж.).

Жүрек сөзін жырмен өрнектеп, жан жылуын өлеңмен аялаған жас ақынның «Жан-Арым» атты тұңғыш жыр жинағы 2009 жылы жарыққа шыққан.

Үйленген, екі баланың әкесі.

Қазақтың қабырғалы қаламгері болып қалыптасып келе жатқан Қуаныштың өрелі өлеңдері нәзік иірімге толы, жан жылуын дарытып, көркем сезімге бөлейді.

Шығармалары:

  1. Медеубаев, Қ. Жан-Арым [Мәтін] : жыр-жинақ / Қ. Медеубаев. - Қарағанды : Болашақ-Баспа, 2009. - 93 б. - 200.00 тг.
  2. Медеубаев, Қ. «Ей, тағдырым, мен – күнәһар пендеңмін!: өлеңдер. Күлтөбе. кz.
  3. Медеубаев Қ. Ақынның өлеңдері. Мәссаған! Поэзиясы.  

Ол туралы:

  1. Журналист стал лучшим поэтом [Текст] // Вечерняя Караганда. - 2013. - 3 апр. (№ 13). - С. 11.
  2. Арқада Алаштың сөзін айтар 40 ақын бар. Алаш айнасы.
  3. Шәкенұлы Жәди. Жастар поэзиясы жайында толғаныс.