Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді. Еркіндік аңсаған елін азаттық ұранымен жігерлендірген батыр бабаларымыз Керей мен Жәнібек жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялап, жаңғырған қазақ этносының атауын алған тарихта тұңғыш тәуелсіз Қазақ хандығын құрды. Атақты тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулатидің қалдырған нақты деректеріне сүйене отырып, тарихшы-ғалымдарымыз Қазақ хандығының құрылған кезі 1465 жылы болғанын белгіледі.
Алғашқыда Керей мен Жәнібек сұлтандардың соңына еріп, қазақ болып бөлінген халықтың саны екі жүз мың адам екен. Сол заман үшін бұл санның да көп халық болғанымен, байтақ ұлысты жайлаған қазақтардың қандастары бұдан сан есе артық болатын. Шу бойына ту тіккен жаңа хандық біраз орныққаннан соң бүкіл Көк Орда жерін түгел қайтару жолындағы жорықтарын бастады.
Сонымен 1465 жылы атамекенімізде тұңғыш рет Қазақ хандығы атты тәуелсіз мемлекет дүниеге келіп, бүгінгі біртұтас қазақ халқының негізі қаланды. Қазақ ордасы құрылғанда алдымен жасы үлкен Керей сұлтан ақ киізбен хан көтеріліпті. Одан кейін Жәнібек хан билік құрды. Тарих сахнасына шыққан біртұтас Қазақ мемлекетінің ұлттық ұраны – «Алаш», мемлекеттік Елтаңбасы – «Төре таңба», яғни көне түрік заманынан келе жатқан бас таңба. Бас байрағы – төре таңбалы қызыл ту, Астанасы – қасиетті Түркістан қаласы болды.
Қазақ хандығының төрт ғасырға созылған шерлі шежіресінде жиырмадан астам хан билік құрған екен. Ел билігін қолға ұстаған бұл тарихи тұлғалардың талайым тағдырлары да сан қилы, билік құрудағы қабілеттері де әр деңгейде болды. Мемлекет іргесін нығайтып, туған халқының мәңгілік сүйіспеншілігіне бөленгендері де, елін тоздырып, дұшпанға таба қылғандары да жоқ емес. Бірақ олардың бәріне ортақ бір қасиет – өз замандарының қалыптасқан жағдайларына байланысты қал-қадірінше хандық туын жықпауға тырысты.
Иә, төрт ғасыр бойы дәуірлеген Қазақ хандығының тарихында нелер болмады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап» қалың қазақ мамыра-жай тірлік кешкен дәуірлеу кезеңі де, жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартып кең сахараны бұлт торлап, ер етікпен қан кешкен күйзелген кезеңдер де өтті.
Көнеден келе жатқан небір тарихи деректерде бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы алып жатқан ұлан-ғайыр аймақ ежелден-ақ қазақ халқының этникалық негізі болып табылатын қазақ тайпаларының атамекені болатын. Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында XIV-XV ғасырларда): үйсіндер өздерінің байырғы заманнан бергі мекені – Жетісу өңірінде, дулаттар – Іле, Шу, Талас өзендерінің сағаларында, Ыстықкөлдің оңтүстігін, Оңтүстік Қазақстандағы «Отырар жасыл алқабын», қаңлылар – Қаратау баурайын, орта Сырдария мен Жетісудың батыс бөлігін, арғындар – Ертістен батысқа қарай Орталық Қазақстанды, Сырдарияның алқаптарын және Жетісудың батысын, наймандар – Ұлытаудан Есілге дейінгі аймақтарда, қоңыраттар – Түркістан мен Қаратау өңірлерін, керейлер – Тарбағатайда, Ертіс бойында, Зайсан көлінен Ом және Тобыл өзендерінің аңғарларына дейінгі ұлан даланы жайлап жатты.