Қазақтану ғылымының қара нары, бүкіл саналы ғұмырын шығармашылық пен әдебиетке, ғылым мен мәдениетке арнаған толағай тұлға Ақселеу Сейдімбектің туғанына биыл 80 жыл толады.
Осы мерейтойы аясында кітапханамызда Ақселеу Сланұлының өмірі мен шығармашылығын жан - жақты таныту, оның қайталанбас туындыларын кеңінен дәріптеу мақсатында «Арқа даласы - Ақселеу әлемінде» аттыөлкетанулық әдеби – марафоны он айға түрлі тақырыпта, түрлі формада ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Сол шараның алғашқысы 2022 жылдың 11 наурыз күні «Алаштың Ақселеуі» әдеби ақпараттық сағаты өтті.
Шара онлайн форматта ZOOM платформасында ұйымдастырылды.
Кешке қатысушылар өздерінің баяндамалары арқылы Ақселеу Сейдімбектің асқар талантының қыр-сырын ашып, қаламгердің өмір жолынан естеліктер айтты.
Шараның шымылдығын Шет ауданының ОКЖ @shet.library ұйымдастыруымен жазушы, ұстазымыз Өмір Кәріпұлы ашты. Өмкең Ақселеу Сейдімбектің зерделі жазушы, халықтың рухани құндылығын, өнері мен өнегесін дәріптеген зерек ойлы ғалым ретінде ол елінің ыстық ықыласына, айналасының ерекше ілтипатына бөленген жан екендігіне оның бойында көптеген таланттың басы тоғысқандығына кеңінен тоқталды. Ақселеу ағамен бірге өткізген кездері жайлы әңгіме өрбітті.
Сөз кезегін алған ф.ғ.д., профессор Мәуен Хамзин Ақселеудің өзі абызға, өмірі аңызға айналғандығын, саналы ғұмырында қазақ тарихын, дәстүрі мен мәдениетін ұлт танымының көкжиегін барынша кеңейтіп кеткен тұлға екендігін ортаға салды. «...Ақселеу Сейдімбек үлкен табыстарға қол жеткізді және бұрын-соңды түрен түспеген тақырыптарға барды, жаңа асулардан асты. Мәселен, ол қазақ филология ғылымында алғашқылардың бірі болып қазақтың қара өлеңінің табиғатын зерттеп кандидаттық диссертация қорғады.Екінің бірі көре қоймайтын, кез келген адам аңдай алмайтын қазақ бойындағы ерекшеліктерді теріп жүріп, енді ұрпақтың өткенінен тамырын үзбеу үшін «Алпамыс батыр» жырын қара сөзбен жазды. Бекзат болмыс иесі еді..»- деді. Сонымен бірге облыстық кітапхананың А.Сейдімбектің болмысын танытуда жасалып жатқан іс-шараға алғысын білдіріп, болашақта атқарылатын жұмыстарға сәттілік тіледі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Бағдат Мүбәрак (@mubarak_baqdat) өзінің «Ахаңа» деген арнауын оқып, оқырман қауымды бір серпілтіп тастады.
Бесігім болған туған жер демекші А. Сейдімбектің туған жері Жаңаарқа ауданының ОКЖ д.м.а. (@zhanlib_kz) Гүлмайра Жакупова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлшат Достаева, А.Сейдімбектің туысқан бауыры Болат Әбеуов Ақаң жайлы ой-пікірлерін айтып, мерейтой аясында өтетін іс-шаралардың жоспарымен таныстырды. А.Сейдімбек атындағы мектепте ашылған мұражай туралы бейнебаян көрсетті.
Сонымен бірге Ақселеу Сейдімбектіңхалыққа кең тараған, шырқау диапазоны әншінің әншісін ғана қажет ететін «Дәурен-ай», «Сарыарқа» әндерін Жаңаарқа аудандық мәдени-сауық орталығының әншісі Жалын Көпбосынов орындап, оқырмандарды тәнті етті.
Кеш соңында «Алаштың алтын сандығы» атты кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды және әр айда өтетін өлкетанулық әдеби-марафонның жоспарымен таныстырды.
Халқын ерекше сүйген, ұлтжанды жазушының шығармашылығының шоқтығы биік. Берері мол.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева
Жаңаарқада Ақселеу таудан биік...// Орталық Қазақстан. - 2022. - 15 наурыз