Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Елбасының халыққа арнаған биылғы "Қазақстан жолы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" Жолдауы бойынша "Қазақстан 2050: дамудың жаңа стратегиясы" атты кітап көрмесі рәсімделді.
Кітап көрмесінің мақсаты – барлық қала жұртын, жалпы оқырмандарды, әсіресе жастарды жолдау міндеттерімен таныстыру.
Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған жолдаулары мен Қалыптасқан Қазақстанды Мәңгілік Ел болу жолына бастайтын ұзақ жылға арналған стратегиялық жолдауы, Тәуелсіздік алған 22 жыл ішіндегі Қазақстан халқының жеткен жетістіктері оқырмандар назарына "Қазақстан жолы" бөлімінде ұсынылады.
Экономиканы дамытудың 7 стратегиялық қадамы бойынша жасақталған "Ұлттық инновациялар" бөлімінде ұлттық экономикамыздың қазіргі кезеңдегі дамуы мен келешегі, еліміздің ресурстық әлеуетін пайдалану мен бағалаудың инновациялық нысандары мен әдістері, ғаламдану жағдайындағы ерекшеліктері мен оның қалыптасу тенденциялары, мұнай мен газ, мұнай өңдеу химиясы, металлургия, жасыл энергетика, геология салалары бойынша кітаптар жинақталған.
Елбасы әр жылғы жолдауында әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөледі. "Қазақстан-2050" стратегиясында әлеуметтік қауіпсіздік пен азаматтардың бақуаттылығы мәселелерін шешу – әрбір қазақстандыққа әсер ететін қиын және өте маңызды міндет екені атап көрсетілген. Кітап көрмесінің келесі бөлімі "Әлеуметтік жобалар" деп аталады. Бұл бөлімде халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, денсаулығын нығайту, білімін көтеру мәселелері бойынша баспа беттерінде жарық көрген мақалалар мен кітаптар қойылған.
Биылғы жолдаудың тағы бір тарихи мәні – "Мәңгілік ел" болу идеясы. Кітап көрмесінің "Мәңгілік ел" бөлімінде Тәуелсіз еліміздің даму жолында қол жеткізген басты құндылықтарымызды жария ететін еңбектер қамтылған. Атап айтар болсақ, ата–бабаларымыз ежелден аңсап келген арманы – еліміздің Тәуелсіздігі, күннен–күнге жарқырап келе жатқан Астана, еліміздегі рухани тұтастық пен дәстүр сабақтастығын қамтамасыз ететін - ұлт мәдениеті, тіл ортақтығы, ел бірлігі және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша іріктелген әдебиеттермен таныса аласыздар.