Орынбек Беков Семей губерниясы, Ақадыр кентінде 1898 жылы ауыл батырағының отбасында дүниеге келген. Әкесі Бек көп жылдар бойы Спасск мыс қорыту зауытында жұмысшы болып істейді. Орынбек сауатын мұсылманша ашады, 3-4 жылдай оқиды. Кейін 1912 жылы зауыт жұмысшыларының балалары оқитын төрт жылдық училищені бітіреді. 1913-1914 жылдары осы зауытта қара жұмысшы болып істейді. Қазан революциясына белсене араласады. 1918 жылы зауыт жұмысшыларының ұсынуымен Совдеп төрағасының орынбасары болады. 1920 жылы Спасск партия ұйымы Орынбек Бековті партия қатарына мүшелікке қабылдайды. Осыдан бастап қай салада болмасын алдымен мәдениет құрылысына назар аударады. 1923 жылы Қарқаралы уездік милициясының бастығы болады.
Алғашқыда жалшы, батырақтардың сауатын ашу, саяси үгіт, мәдени ағарту жұмыстарын жүргізуде, олардың еңбегін қорғауда жігерлі қызмет атқарады. Кейін белгілі журналист, жазушы, театр қайраткері ретінде таныла бастайды. Орынбек Беков партия, Кеңес, кәсіподақ, халық ағарту, милиция органдарында лауазымды қызметтер атқарады. 1928 жылы Алматыда шығатын «Тілші» газетіне редактор болғанда бұл кездегі тап күресіне өткір қаламымен белсене араласып мақала жазды. «Халық қараңғы, хат танымайды. Латын әрпімен оқытып сауатын ашу керек» деп саяси үгіт жүргізді. 1930 жылдан Қазақ драма театрының директоры болады. Мұхтар Әуезовпен бірігіп «Қазақ мемлекеттік театрының жеті жылдығы» мақаласын жазды. Орынбек М. Әуезовтің «Еңлік Кебегін» дайындап жарыққа шығарды. Еңліктің ролін Орынбектің әйелі, Қазақ ССР-нің халық әртісі Рәбиға Есімжанова ойнады.
О. Беков ұлттық театр өнерін дамыту төңірегінде мәдени-ағарту тақырыбында бірнеше мақалалар жазған. 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының 1-съезінде М..Әуезовпен бірге қазақ кеңес драматургиясының жағдайы жөнінде баяндама жасаған. 1928 жылы «Ұлы істің игілігі үшін» атты публицистикалық мақалалары, 1931 жылы «Совет бике» повесі жеке кітап болып жарыққа шыққан. «Ұлы жолға бір қасық қан» повесі бар.
Оны Қазақстан Орталық партия комитеті 1934 жылы Семей театрына директор етіп жібереді, режиссерлік қызметін қоса атқарады. Халық арасында беделі өсіп, қадірі артты. Сүттей ұйып отырған отбасы 1937 жылғы қуғын-сүргінге тап болады. Түрмеге қамалады. Үйді тінтіп, Орынбектің кітаптарын, жазған әңгімелерін, суреттерін тартып алып кетеді. Әйелін, баласын «Халық жауының отбасы» деп күн көрсетпейді.
Оның «Алашорда» қозғалысына тілектес болғанын атақты жазушымыз Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» атты романында былай түсіндіреді: «Спасск, Нілді, Қарағанды заводтарының жұмыскерлер Совдепінен біздің уездік Совдепке өкілдер келді. Іштерінде жолдас Нейман мен Орынбек Бекұлы бар. Заводтың жайы туралы бұлар Совдепке баяндама жасады. Совдептен ақша сұрады. Мылтық сұрады. Заводтардағы жұмыскерлердің мылтық алып, жарақтанғанын бірауыздан мақұл тауып, жұмыскерлер өкілдеріне ақша берілді. Қолда бар мылтықтан мылтық берілді. Совдептен ақша мен мылтықтарын алып болған соң, қызметтен кейін, Орынбек Бекұлы менің пәтеріме келді. Сөйлестік. Бұрын маған Бекұлын «зерек, шешен жұмыскер…» деп Прудов мақтаушы еді. Бекұлының шешендігін Совдепте баяндама жасағанда көріп едім. Қазақ жұмыскерлері, Совет үкіметі, большевик партиясы туралы сөйлестік. «Алашорда» туралы пікірі айқын емес. Біраз түсіндіріп сөйледім… Біраздан соң пікіріміз үйлесті. «Алашорда» туралы пікірі айқындалды. Революцияның жолында енді екпіндірек кірісу керектігін айтып, менімен қош айтысты…». Шағын үзіндіден оның бойында елім дейтін ер азаматқа тән тұлғалық қасиеттер бар екенін көруге болады.
1937 жылы 11 наурызында атылған.
Әдебиеттер:
О.Беков туралы әдебиеттер:
Беков Орынбек // Қазақ әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: "Аруна Ltd" ЖШС, 2005.- 126-127 б.
Беков Орынбек // Қарағанды. Қарағанды облысы. – Алматы: Атамұра, - 2006. – 179 б.
Беков Орынбек Қазақстан жазушылары: анықтамалық: 75 жыл / құраст. С. Қамшыгер. - Алматы: Ан Арыс, 2009. - 97 б.
***
Бейісқұлов Т. Алаштың 631 ардағы...// Қазақ елі. – 1998. – 13 наурыз. – 1-3 б.
Әлішев З. Жазықсыз жапа шеккен // Шет шұғыласы. - 2013. - 30 мамыр (№ 22). - 5 б.
Тұрсынова Л. Азаттық таңын аңсаған // Орталық Қазақстан. - 2017. - 29 шілде (№ 83). - 4 б