Абатов Нұрқаси Төлепбергенұлы – жоғары санатты хирург, профессор. 1962 жылы Торғай облысында дүниеге келген. Отбасында 10 баланың ішінде жалғыз дәрігер.
Нұрқаси Төлепбергенұлы - 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Қызмет жолын Торғай облысының Амангелді ауданында дәрігер-хирург болып бастады. Ал, кеншілер шаһарындағы өзінің қызметтік жолын облыстық клиникалық ауруханада жалғастырды. Дәрігерлік қызмет жолында алғаш 1996 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Ал, 2007 жылы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында қадағалау және аттестаттау жөніндегі комитетімен доцент ғылыми атағы берілді. Жалпы, медицина саласында абдоминалды және лапароскопиялық хирургия мәселелеріне терең көңіл бөледі.
Нұрқаси Төлепбергенұлы 1997- 1998 жылдар аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі лауазымында қызмет атқарды. Білікті дәрігердің басшылығымен облысымызда алғаш рет амбулаториялық хирургия және травмотология орталығы ашылды. Хирургиялық оталардың сыныптамасы, емдеу мекемелері тиімділігінің экономикалық есептері, медицина мекемелерінің емдеу қызметі бойынша төлемі әзірленді. Осының бәрі - жалпы Қарағандыдағы денсаулық сақтау саласын жетілдіру әрі дамытудың негізгі жолдарының бастамасы болды. 1996 жылы Қарағанды облысында алғашқылардың бірі болып құрсақ қуысы мүшелерінің әртүрлі ауруларын жедел емдеудің эндовидеохирургиялық әдістерін тәжірибе жүзінде іске асырды. ҚР ДМ клиникалық протоколдарын, оқытудың жаңа әдістерін әзірлеуге, медицина оқу орындары студенттерінің білімдері мен клиникалық машықтарын бағалауға қатысты. Үздіксіз кәсіби білім арттыру курсанттары мен хирургтарына арнап 30-ға жуық бейнефильм жасады.
Оған қоса, ҚММА медицина орталығында хирургия бөлімшесін ұйымдастырды. Қазіргі таңда сол мекемеде заманауи емдеудің хирургиялық әдістері белсенді түрде енгізілуде. Сонымен қатар, жас хирургтердің кәсіби дайындығына көңіл бөледі.
Білікті хирург 2006 жылдан бастап бүгінге дейін Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде еңбек жолын жалғастырып келеді. Сондай-ақ, №2 хирургия аурулары кафедрасының профессоры атағын иеленді. ҚММА «Хирургия, онкология және сәулелік диагностика» проблемалы комиссиясының мүшесі болып, қазақ тілінде жарыққа шыққан екі әдістемелік құрал және 100-ден астам баспа жұмыстарының авторы атанды. 2010 жылы Қарағандыдағы «Үздік хирург» және 2013 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» марапатын иеленді.
Қазіргі таңда кадр дайындаудың тиімділігін арттыру және зерттеулер жүргізу мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізуде. ҚарММУ үздік профессоры, сондай-ақ, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» республикалық конкурсының номинанты атануы - медицинадағы терең ізденіске құрылған жұмыстарының нәтижесі.
http://qmu.kz/kz/news/view/2570 // Р.С.Әлімханова және Н.Т.Абатов - ҚММУ екі профессоры «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпаздары атанды!
Әдебиеттер:
Қанафин Н. Батырлар - құрыш қалада // Орталық Қазақстан. - 2018. - 3 ақпан (№ 14). - 1 б.
Совет А. Мамандығына адал азамат // Орталық Қазақстан. - 2017. - 24 қазан (№ 118). – 1 б.