Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 18-25 қараша аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған Тәуелсіз Қазақстан және Ұлт Көшбасшысы атты ақпараттық апталық жариялады.
18 қараша күні апталық шеңберіне "1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні" атты кітап көрмесі салтанатты түрде ашылды.
2011 жылы бір топ қазақстандық парламентшілер Елбасының зор еңбегі мен тарихи тұлға ретіндегі рөлін бекіту мақсатында 1 желтоқсан күнін жалпы мемлекеттік ауқымдағы мереке күн етіп жариялау туралы бастама көтерген еді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында 2011 жылдың 14 желтоқсанында 1 желтоқсан күнін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні ретінде атап өту туралы Заң қабылданды. Бұл күн, яғни, 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні - Қазақстан халқының, ата-бабаларымыздың егемен ел болудағы ғасырлар бойы аңсаған асқақ армандарын жүзеге асырған Тұңғыш Президентімізбен, Ұлт көшбасшысымен бірге жасаған ерліктерін жадымызға қайта оралтуға қызмет ететін сәт. Қазақстан Республикасының даму тарихы Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.
"Тәуелсіз елдің көшбасшысы", "Елбасы кітаптары", "Жаңа дәуірдегі Қазақстан", "Арман қала - Астана" бөлімдерінен тұратын кітап көрмесі бойынша "Тәуелсіз Қазақстан" және "Первый Президент в объективе истории" тақырыбында әңгіме жүргізіліп, www.akorda.kz веб-сайтының таныстырылымы өтті. Шараға Халықаралық бизнес академиясы колледжінің студенттері мен Қарағанды қаласындағы № 92 гимназия оқушылары тартылды.
"Тәуелсіз Қазақстан" тақырыбындағы әңгімеде Елбасының саяси портреті мен Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолы баяндалып, көрмеде жинақталған кітаптар таныстырылды. Жастар Тұңғыш Президенттің өмірбаянына арналған "Нұрсұлтан Назарбаев. Биография" атты ең алғашқы ресми тарихи-биографиялық зерттеуге ерекше қызығушылық танытты. Мұрағат материалдарының негізінде жазылған өмірбаянда дәйекті материалдармен қоса, Елбасының жеке өміріне қатысты құжаттардың көшірмесі берілуі кітаптың құндылығын арттырды. Ұлт Көшбасшысының еңбектері мен жыл сайынғы халыққа арналған жолдаулары, "Қазақстан 2050. Қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты" ұзақ мерзімді стратегиясы қамтылған "Елбасы еңбектері" бөлімі Қазақстанның ең қиын және ең жарқын кезеңдерін баяндайтын "Қазақстан жолы" кітабы жайлы әңгімеден басталды. Халықаралық аренада айтулы белестерді бағындырған Қазақстан елінің 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінің өзі Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда жеткен жетістіктерін паш ете отырып, халықаралық беделін айтарлықтай өсірген ірі дипломатиялық жеңіс болды. "Жаңа дәуірдегі Қазақстан" бөлімінде еліміздің ішкі, сыртқы саясаты бойынша баспа беттерінен жарық көрген кітаптар бойынша өрбіген әңгіме өрісі жастардың Еліміздің бас қаласы, Елбасының қажырлы күш–жігерінің арқасында қанатын кеңге жайып бара жатқан Елорданың кешегісі мен бүгінгісі жайлы өз білгендерін ортаға салған сұхбатқа ұласты. Сарыарқаның төрінде, күн сайын өсіп келе жатқан Астана жайлы кітаптар мен фотоальбамдар "Астана-арман қала" бөлімінде ұсынылды.
Сөзді кие тұтқан, бір ауыз сөзге тоқтаған, "Айтылмаса сөздің атасы өледі" деп қарайтын дана халқымыз үшін Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың аузынан айтылып, қаламынан туындаған қадау-қадау пікірлердің қадір-қасиеті өзгеше. Тағылымы терең толғамдар "Первый Президент в объективе истории" тақырыбындағы әдеби әңгіменің арқауы болды. Елбасының екі тілде шыққан "Ой бөлістім халқыммен", "Жан жадыратар жасын сөз", "Өзекжарды ойлар", "Туған елім-тірегім" кітаптары сөз бен ойдың мән-мағынасын білетін оқырманға ғибраты мол дүниелер. Шара барысында Рүстем Әбдраштың Елбасы шығармаларының желісі бойынша түсірген "Балалық шақтың аспаны" фильмінің үзіндісін тамашалаған қатысушылар akorda.kz порталына виртуалды саяхаттап, Елбасының ресми сайтымен танысты. Шара соңы Елбасы жайлы online викторинамен қорытындыланды.
Ел ертеңіне көз тіккен Елбасы // Взгляд на события. - 2013. - 29 қараша (№ 149). - 18 б.