Қарағандыдағы түрлі мәдени, әдеби шараларға ұйтқы болып отырған кітапханамызда тағы да айтулы күн. 14 қараша күні Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сатирик-жазушы Әбжан Омарбаевтың 100 жылдық мерейтойына арлаған "Шанышпа тілдің шабандозы" атты "Өлкетану" клубының отырысы өтті.

Іс-шараның мақсаты: Жазушының өмір жолы және шығармашылығы жайында түсінік беру, еңбектерін насихаттау. Жас ұрпақты жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, кітап оқуға деген көзқарастарын кеңейту.

Ә.Омарбаев 1913 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Ленин атындағы колхозда туған. Қарқаралы қаласындағы колхозшы жастар мектебін бітірген. 1930 жылдардан бастап баспасөз орындарында – "Еңбек майданы", "Қарағанды пролетариаты", "Большевиктік жол", "Қарағанды комсомолы", "Балқаш жұмысшысы" газеттерінің редакцияларында әр түрлі жұмыстар атқарған. Соғыстан кейінгі жылдары "Социалистік Қарағанды" газетінің Қарқаралы ауданы бойынша меншікті тілшісі болып істейді. Өмірінің соңғы жылдарында Қарқаралы аудандық "Октябрь туы" газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.

1945-1946 жж. "Жоғалған жер" поэмасы "Балқаш жұмысшысы" газетінде, "Қоңырат туралы жыр" және "Біздің цехтың адамдары" повесі 1962 жылы "Орталық Қазақстан" газетінде жарияланған. 1969 жылы "Кәрлен кесе" атты әңгімелер жинағы "Жазушы" баспасынан жарық көрді.

Аталмыш шараға жазушының өскен, еңбек еткен ортасы, шығармашылығы туралы ой-пікірлерін, қызғылықты естеліктерін ортаға салуға қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген әдебиет жанашырлары Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері С.Ж. Жанысбай, А. Бөкен және Ә.Омарбаевтың қызы С.Ә.Тойшибекова, немере қарындасы Н.Әліпбекқызы қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған С.Ж.Жанысбай жазушының қаламгерлік тұлғасы, қазақ әдебиетіндегі ойып алар орны жайлы айта келіп, Әбжекеңнің қаламынан туындаған уытты әзілдерінен мысалдар келтірді.

Бұқара халықтың санасында сергелдең болған мәселелерді шымшып жазып, шығармаларынан тар жерде тап басып айтатын тапқырлығымен бәрімізге үлгі болатындығы жайлы белгілі ақын А.Бөкен сөз кезегінде атап өтті.

Жазушының туғандары айтқан естеліктер кештің ажарын аша түсті. Сөз кезегін алған немере қарындасы Н.Әліпбекқызы Әбжан ағасының өз өмірінде адалдық пен ақпейілділіктен бір сәт те айнымағаны, көкірегіне ерекше дарын дарығаны туралы айта кетіп, туған - туысқандар ортасындағы болған қызықты сәттерді ортаға салды. Сәуле Әбжанқызы әкесінің өнегелі өмірі жайлы сыр шертті. Қазақтың бір туар азаматтары Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, Ж.Бектұров т.б. тұлғалармен етене араласып, шығармашылық байланыста болғанын айта кетіп, әкесінің өз еңбегіне де, серіктестерінің еңбегіне де барынша жауапкершілікпен қарайтындығы жайында және мінезінің жайдары, ашық, ақкөңіл болғандығын еске алды.

Шара барысында кітапхана жанында құрылған "Жас өлкетанушы" үйірмесінің мүшелері мен ҚЭУ-нің жанынан құралған "Ақсораң" қазақ студенттері театрының мүшелері Ә.Омарбаевтың әзілдері мен өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Отырысқа қатысқан оқырман назарына Ә.Омарбаевтың қаламынан туындаған шығармаларынан безендірілген кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды.

Кеш соңында отырысты қорытындылап, жазушының шығармаларын жатқа оқыған қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.

"Шанышпа тілдің шабандозы" // Взгляд на события. - 2013. - 29 қараша (№ 149). - 18 б.