Жауһар жыры паш еткен елге есімін,

Бір ару бар басында жыр көшінің:

Сұлулыққа жаны іңкәр, жүрегі ізгі,

Ақын-ғумыр тербеткен жыр бесігін

Айжан Абдуллаева

Фариза Оңғарсынованың "Дауа" атты жыр жинағын оқып, бір сәт төңірекке көз жіберсек, жұмыр жер мен адамзат, оның тағдыры мен тіршілігі үшін жан ұшырып жүрген Ана бейнесі көз алдымызға келеді.

29 қыркүйек  күні Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында "Қыз-ғұмырды жырлай берші, жыр-ғұмыр..." атты поэзия кеші өтті. Кеш "Бір ел – бір кітап" акциясы аясында "Дауа"  атты жыр жинағын негізге ала отырып, поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға арналды. Керемет кештің өтуіне ұйытқы болған кітапханада жұмыс жасайтын "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері еді. Осы күні жыр кешіне келгендер поэзия кемесіне отырып үлкен де керемет саяхат жасағандай әсер алды. Себебі, Фариза апамыздың лирикасы оқырманың жүрегінен әлдеқашан орын алып, осы күні сол жүректерді тағы бір тербеткен еді.

Кештің әсерлі өтуіне, әрине, қаламыздың жастары мен оқырмандары ерекше үлес қосты Республикалық "Қасым" журналының редакторы ақын, жазушы Серік Сағынтай, осы журналдың жауапты хатшысы, ақын Алмаз Мырзахметов, "Дауыс" жыр кітабының авторы, ақын Қайрат Асқар бастаған "Жыр-Жауһар" поэзия клубының барлық мүшелері бас қосқан осы кеш әсерсіз әрі танымсыз өтер ме? 

Ал Фариза апалары жайлы білімдерін көтеріп әрі қаламыздағы сүйікті ақындармен тағы бір жүздесуге асыға №61 мектептің оқушылары ұстаздары Дидар Төрегелдинамен бірге келген еді. Осы жыр кешін ән мен күйге бөлеген "Болашақ",  Қарағанды гуманитарлық колледжі мен Тәттімбет атындағы өнер колледжінің  студенттеріне ерекше ілтипат көрсетілді.

"Жыр-Жауһар" клубының мүшелерінің  Фариза Оңғарсынованың  поэзиясын, жырларын насихаттап, жастар арқылы  қазақ аспанына асқақтату мақсатымен өткізілген осы жыр кеші өз деңгейінде өтті.

Баршаңызға алғыс!

Бейнеролик көру: