Поэзия – әдебиеттің көне саласы, бірақ жасаған сайын жасара түсетін жанды саласы екенін бүгінгі «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты дәстүрлі ІІІ Қасым оқулары тағы да паш етті.
Бұл шара Қарағанды облысы мәдениет басқармасы және Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Қ. Аманжолов атындағы аллеядағы Қасым ескерткіші алдында өтті.
Қасым оқуларының мақсаты: Жырға әуестігі бар жастарды Қасым жырларын қамти отырып, ақындыққа баулу, Отанын, елін, ұлтын сүюге тәрбиелеу, адамның жан дүниесін поэзия нұрына бөлеу.
Аталмыш шараға Ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы бастаған Абзал Бөкен, Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар, Бағдат Мүбарак, Мирас Асан, Алмас Мырзаахмет пен мәдениет жанашырлары, Серік Сағынтай басқарып отырған жергілікті басылым «Қасым» журналы редакциясының ұжымы, Жанат Жаңқашұлы бастаған «Арқа ақшамы» редакциясының ұжымы, облыстық кітапханада жұмыс жасайтын «Жыр - Жауһар» поэзия клубының жас ақындары жиналып, керемет тойдың өтуіне зор үлестерін қосты. Қаламыздың жоғары оқу орындары Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-тің тарих, заң факультеті, ҚарМТУ-дың экономика және менеджмент факультеті студентері, маңызды білім беретін Қарағанды «Болашақ» колледжі, Қарағанды гуманитарлық колледжі және Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, №92 гимназия, №38 гимназия оқушылары ақынның тойын бірге мерекелеп, саяхат жасады.
Алғы сөзді алған С.Ақсұңқарұлы:
Қасымның ғасырлық тойы біраз істің жеңін шығарғанын, соған дәлел үшінші рет өткізіліп отырған Қасым оқулары қуантарлық жай, Қасым мұрасы – қазақ әдебиетіне, ғылымына әлі де талай олжа салатын өте бай әлем. Қасымның қыры да, жалпы жұртқа беймәлім сыры да толып жатыр. Біз осының өзін бүгінгі ұрпаққа дұрыс жеткізе білуіміз керек - деді.
Жыл өткен сайын Қасым оқуларының ауқымы кеңейгенін шараға қатысуға ниет білдірушілердің көбейгенінен байқауға болады. Қатысушылар оқу шеберлігіне, өз шығармаларының мазмұндылығы мен көркемдігіне, сахна мәдениетін сақтауына баса назар аудара білді.
Тамаша даярлықпен келген қатысушылар «Өртке тиген дауылдай өлеңімді», «Біреуге аспандағы асылымын», «Барым да, бақытым да осы өлеңім» атты үш бөлімнен тұратын оқуда Қасым ақынның туындыларын жатқа айтып, ақынға арнаған өз шығармаларын оқып, ақынның өлеңіне жазылған ән- жырлардан шашу шашты.
Осы күні көше бойымен бара жатқан қала тұрғындары мен қонақтары да мерекеге бей-жай қарамады. Жезқазған қаласының тұрғыны, журналист Әуелханұлы Базарбай іс-сапармен осы шарада жүрсе де, арнайы Қасым оқуларына келіп, өлеңін оқып, жастарға тілек тіледі.
Мереке барысында ойнатылған «Қасым Аманжолов жайлы білесіз бе?» викторина жастардың Қасым ақынның шығармашылығымен жіті таныс екендігін аңғартты. Өз мәресіне жеткен шара соңында қатысушыларға алғыс хаттар табыс етіліп, ақынның жыр жинағы сыйға тартылды. Ал «Қасым» журналының ұжымы қатысушыларды арнайы номинациялар бойынша марапаттап, журналдың жаңа сандарын тарту етті.
Ақын рухы жас ақындарымызға қуат беріп, асыл жырлары жүректеріне шуағын төгіп жатса, бүгінгі өткен мерекенің тобықтай тағылымы сол болмақ.
- Халық көңілінде , халық көгінде Қасым-дара.
- Қасым-басым. Қасым-Ақын .
- Бәрібір Қасым- сол баяғы Қасым.