Қазақстанды өзімнің Отаным деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылулары керек. Мемлекеттік тілге деген ұмтылыс арқылы барша қазақстандықтардың тұтастығы нығайып, ынтымағы арта береді.
Н.Ә.Назарбаев
Елімізде мемлекеттік тілді дамытуға және оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында соңғы жылдары атқарылып жатқан нәтижелі істер қатары мол. Осындай мақсатты ұстана отырып 12-қыркүйек күні Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесіне орай өзге ұлт өкілдерінің арасында "Қазақ тілі – ертеңім, болашағым" атты сайысын өткізді. Сан түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жинаған қазақ елінің негізгі тілі қазақ тілін дамытуға арналған бұл шара Елбасымыздың "Қазақстан 2050. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" ұзақ мерзімді стратегиялық жолдауындағы қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру жолындағы қадамдардың бірі.
Сайысқа Қарағанды гуманитарлық колледжінің "Алға" (Головченко Д., Лим М., Образцова Е.), "Болашақ" колледжінің "Шұғыла" (Пономаренко Е., Рамзиева Л., Нефедкина М.) және Шет тілдер колледжінің "Оқжетпес" (Е.Лушина, Е.Ткаченко, Е.Шульгач) топтары қатысты. Қатысушылар сайыстың алғашқы кезеңін қазақ тіліндегі таныстыруларынан бастады, "Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл!" дегендей өзге ұлт өкілдерінен құралған әр топ мақал-мәтелдерді жалғастыру, көркем шығарма мен қазақ ақындарының өлең-жырларын мәнерлеп оқу және сұрақтарға жылдам жауап беру арқылы сөз қоры мен білімдерін таразыға салды. Қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі жайлы көзқарастарын ортаға салып, өзекжарды пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар 7 кезеңнен құралған сайыста тапсырмаларын ойдағыдай орындап, алғыр да жылдам екендіктерін көрсете білді. Әсіресе, "Рухани қазына", "Ана тілім - ардақтым" кезеңдері ерекше өтті. Қазақ тілінде көсіле, еркін сөйлеген прозаның да поэзияның да майын тамызып, мәнерлеп оқыған "Шұғыла" тобының мүшесі орыс қызы - Екатеринаның шешендігі мен шеберлігі, ой өрісі мен сөз саптауы жанкүйер қауымның делебесін қоздырды. "Алға" тобының мүшелері Диана мен Марияның әуелете салған "Астана" әні дүбірлі доданың өтуін қызықты ете түсті. Жанкүйер ретінде "Болашақ" колледжінен келген "Тұран" тобының "Жаса, қазағым" әні мен "Шет тілдер" колледжінің студенті А. Алтайдың "Әлқисса" күйі сайыстың шырайын келтіріп, көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Кеш қонақтарының назарына республикалық "Бір ел – бір кітап" акциясы бойынша слайд-презентация мен "Тіл бізді бірлестіреді" атты кітап көрмесіне шолу ұсынылды. Жанкүйерлер (Қарағанды Мемлекеттік Медицина университетінің қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері және аталмыш үш колледж) жұмбақ шешуге қатысып, жұмбақтың жауабы бойынша мақал-мәтелдер жарысын өткізді. Ресей азаматы, Қарағанды Мемлекеттік Медицина университетінің студенті Абдумуталов Нұрдәулет қазақ еліне келіп, көп нәрсе үйренгенін және бүгінгі мерекеден алған әсерімен бөлісті.
Сайыстың өту барысын әділ-қазылар мүшесі Қазақстанның Мәдениет қайраткері, журналист С.Ж. Жанысбай, Қарағанды Мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы Г.Е. Оспанова, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының магистранты Ә.М. Жакулаев, өлкетану бөлімінің меңгерушісі С.О.Телпекбаева талқылап, сайыскерлердің бағаларын берді. Сайыс қорытындысы бойынша бәсекелестерінен оқ бойы алға шыққан "Шұғыла" тобы 1-орынды иеленіп, "Оқжетпес" тобы мен "Алға" тобы 2-3-орынды бөлісті. Тіл мерейін үстем етуге ат салысқан сайыскерлер дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.