2013 жылдың 16 сәуір күні кітапханада "Фолиант" баспасынан "Менің Отаным – Қазақстан" сериясымен жарық көрген Сапарғали Ләмбекұлының өлкетану тақырыбындағы "Қарқаралы" кітабының тұсаукесері өтті.

Сапарғали Ләмбекұлы Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, "Құрмет" орденінің иегері, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы.

Сан салалы, әр жанрдағы сапалы да көркем басылымдарымен танымал Астанадағы "Фолиант" баспасы соңғы бірнеше жыл ішінде "Менің Отаным - Қазақстан" атты серия бойынша өлкетану тақырыбындағы тарихи-танымдық кітаптар шығарып келеді.

Аталмыш серия аясында бірталай кітап жарық көрді. Олар: "Ұлытау", "Ойыл", "Ерейментау", "Отырар", "Баянауыл", "Қазығұрт", "Катонқарағай", "Сырдария", "Шиелі" кітаптары.

Аталған толымды туындылардың қатарын толықтырған С. Ләмбекұлының "Қарқаралы" атты кітабын аманатқа адалдық танытқан баспа қызметкерлері автордың өзі көзі тірісінде табыстап кеткен қолжазбаны көрсе көз тоятын, мазмұнына безендірілуі сай тамаша кітап етіп шығарыпты.

Тұсаукесерге белгілі баспагер, "Фолиант" баспасының директоры Н. С. Исабеков, ақын, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының иегері Д. Кәпұлы, "Менің Отаным –Қазақстан" сериясының бас редакторы С. Бақтыкерей, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ж. Кәкенұлы, Алаштың ақсұңқары атанған айтулы ақын С. Ақсұңқарұлы, облыстық "Орталық Қазақстан" газетінің бас редакторы М. Сембай, Қазақстанның мәдениет қайраткері Р. К. Омарбекова, жазушылар К. Жүністегі, Т. Әлжантегі, ақын А. Бөкен және т.б. көптеген зиялы қауым өкілдері, өлке тарихын терең танып-білуге құмар адамдар, БАҚ журналистері қатысты. Ең бастысы, бұл үлкен қуанышқа автордың жұбайы Роза апай бастаған ұрпақтары жан-жақтан жиналып, ризашылықтарын білдірді.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алғандар "Қарқаралы" кітабы автордың ұзақ жылғы тынымсыз ізденісі нәтижесінде дүниеге келген бағалы еңбек екенін атап айтып, онда сол өңірдің арғы-бергі тарихы тамаша тоғысқанын, мұрағаттар қорынан алынған тың деректердің молдығын, сол өңірдің таңғажайып сұлулығы мен табиғи байлықтары, кешегі келбеті мен бүгінгі болмысы, қалың қазақтың мақтанышына айналған толағай тұлғалары туралы баяндаулардың  дәлел-дәйегі нақты екенін баса көрсетті.