Сәуір айының 10 жұлдызында Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің мерейтойына арналған "Мерейлі 75 жыл!" атты шығармашылық кездесу кеші өтті.
Кештің мақсаты – Қарағандының мәдени өміріне сүбелі үлес қосып жүрген бірлестіктің жетістіктері туралы көрерменге ақпарат беру, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін насихаттау.
Шығармашылық кездесу кешінде бірлестіктің арнайы шақырылған ардагерлері ұжымның негізін қалаған тұлғалар туралы, сол кезеңдегі атағы шыққан бірлестік мүшелері жайында әңгімелеп, өткен күннің тарихына шолу жасады.
Кешіміздің қонақтары Концерттік бірлестіктің Бас директорының орынбасары – Ажбағамбетов Ғазиз Салықұлы, Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің әртісі – Ыдырысов Нұрдәулет, музыкалық лекторийдің және "Мерей" ансамблінің жүргізушісі - Гракова Ирина, джаз оркестрінің бас дирижеры - Андрейченко Игорь кешке келген көрермендерге концерттік бірлестіктің бүгінгі күнгі құрамы, репертуары, гастрольдік сапарлары туралы сыр шертіп, өнер сүйер қауымның сұрақтарына жауап берді. Эстетикалық талғамға ерекше көңіл бөлетін концерттік бірлестіктің ең басты міндеті - әлемдік музыка өнерінің үздік үлгілерін насихаттау. Осындай биік талғамдағы ұжым - орындаушылық шеберлігімен өз тыңдармандарының жүрегіне әрқашан жол таба білетіндігін кеш барысында көрсете білді. Домбырашылар ансамблі көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап Шернияздың "Темірбектің төкпесі", Динаның "Науысқы" күйлерін күмбірлете орындаса, халықаралық байқаулардың лауреаттары Арайлым Жүкенова, Гүлбану Серікова мен Дулат Аханов салған әндерімен елді серпілтті.
Аталмыш кеш әр жылдарда жарық көрген мерзімді басылым беттеріндегі ақпараттардан құрылып, өткізілді. Арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі де бірлестіктің жемістерін баяндап тұрды. Ерекше афишалар мен фото суреттер, құнды құжаттар мен тарихи көріністер экраннан слайд шоу арқылы көрсетіліп, кештің ажарын аша түсті.
Н.В.Гоголь атындағы кітапхана ұжымы шығармашылық топқа игі тілектер тілеп, керемет кездесу кеші үшін үлкен алғысын білдірді.